Трамп Қытайға барады

АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге барады.

Сапар 31 наурызға жоспарланған. Сәтін салса Ақ үйдің қазіргі басшысы Қытай жерін араға 9 жыл салып басқалы тұр.

Ендігі мәселе Дональд Трамп пен Си Цзиньпинің әңгімесі қалай өрбиді? Екі держава басшысы нені талқыға салады? Ақ үй қожайынын сән салтанатымен қарсы алғалы отырған Бейжіңге қазіргідей шиеленісті жағдайда кім жақын болуы мүмкін?

Төрткүл дүние көз тіккен Дональд Трамп пен Си Цзинпинь кездесуі 31 наурыз бен 2 сәуір аралығында Бейжіңде өтуі тиіс. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленістен соң АҚШ-Қытай саммитінің болар-болмасы белгісіз. Шығыстағы көршіміз Ислам Республикасындағы ахуалды жіті бақылап отыр. Өйткені Вашингтон Иранда билік ауысқанын көздейді. Егер таққа Ақ үйді қолдайтын басшы отырса, онда Қытай арзан мұнайдан айырылып қалуы мүмкін. 

Нәбижан Мұқаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Иранның мұнайының 90 пайызын Қытай Халық Республикасы импорттап отыр. Оның үстіне ол импорты юань арқылы алмасып жатқан жағдайда АҚШ ендігі жерде Иранның мұнай экспортын бақылауда ұстауы әрине бұл Қытай экономикасына, Қытайдың халықаралық қатынастардағы беделіне өте үлкен зиян келетіні анық.

Шығыстағы көршіміз энергетикалық шикізаттың жартысын, ал  табиғи газдың үштен бірін Таяу Шығыстан импорттайды.  Басым бөлігі Ормуз бұғазы арқылы жеткізіледі. Бір есептен дәл қазір Қытайдың мұнайсыз қалам деп сасатындай жөні жоқ.  Жеткілікті мұнай қорын жинап қойған. Қытайдың қоймасында 1 млрд 400 млн баррель қара алтын сақтаулы. Бұл жарты жылға жететін қор, дейді сарапшылар. Сонымен қатар Қытай кейінгі жылдары өз өндірісін де артырып үлгерді. Блумберг басылымының дерегі бойынша, Бейжің мұнай өндіру бойынша әлемде қазір 7-орында тұр.

Президент Д.Трамп Қытайға барады 

Алайда Бейжің Тегеран үшін АҚШ-пен қатынасты бұзуы екіталай. Иә, Қытай Иран мұнайының ірі тұтынушысы саналады. Бірақ бұл шығыстағы көршіміз импорттайтын мұнайдың 12 пайызы ғана. Демек, Иран үшін Қытай маңызды сауда серіктес болғанымен, шығыстағы көршіміздің экономикасы үшін АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасты сақтап қалу әлдеқайда маңыздырақ, дейді сарапшылар.  Сөзімізді санмен нақтыласақ, былтыр Қытай Құрама Штаттарға 308 млрд доллардың тауарын тасымалдаған. Ал Иранға небәрі 7 млрд доллардың өнімін сатқан.

Нәбижан Мұқаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- АҚШ-тың президенті Қытайға сапар жасауы, Қытай президенті үшін де бедел әкеледі. Сонымен биылғы жылы Қытай президентінің АҚШ-қа сапары да жоспарланып отыр. Бұл екі алып елдің басшыларының бір-біріне сапар жасауы жалпы халықаралық жағдайды, шиеліністі жағдайды өзгертуге, қалыпты бейбітшілікті сақтауға өте маңызды болмақ.

Кездейсоқтық па, әлде саяси қадам ба? Дональд Трамп пен Си Цзинпиньнің кездесуі қарсаңында Бейжің Тайваньға қоқан-лоққыны азайтты. Тіпті Қытайдың әскери ұшақтары кейінгі 2-3 аптада арал маңына жақындаған жоқ.

Бейжің АҚШ Тайваньға қару сатуды тоқтатса дейді. Сондықтан мәселені күшпен емес, бейбіт жолмен шешуге ниетті екенін көрсетпек, дейді сарапшылар. 

Ван И, Қытайдың сыртқы істер министрі:

- Биыл Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас үшін маңызды жыл болмақ. Жоғары деңгейдегі кездесуде талқыланатын мәселелердің тізімі белгілі. Егер өзара сенімді нығайтсақ, онда біз ынтымақтастық аясын кеңейтіп, даулы мәселелердің санын азайта аламыз.

Ресми сапар барысында екі ел басшылары арасында талқылануы мүмкін деп болжанып отырған тағы бір мәселе - әлемде ядролық қару жасау тәртібін бекіту.   

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- XXI ғасырдағы кез келген маңызды ядролық келісім шынайы әрі заңды болуы үшін оған үш мемлекет те, яғни АҚШ, Ресей және Қытай да қатысуы керек. Қытай ядролық қорының көлемін айтарлықтай ұлғайтып жатыр. Олар АҚШ пен Ресейден арттамыз дейді. Бірақ Бейжің қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерге ие. Сондықтан кез келген ядролық келісімге осы үш ел қосылуы қажет. 

Қытайда 600 ядролық оқтұмсық бар. Бұл халықаралық Атомдық ғалымдар бюллетені ұйымының дерегі. Пентагонның болжамы бойынша 2030 жылға қарай шығыстағы ядролық арсеналы 1000 оқтұмсыққа дейін өсуі мүмкін.  

Алайда сарапшылардың айтуына қарағанда келіссөз қарсаңында Вашингтонның позициясы бұрынғыдай емес. Бұған Құрама Штаттар Жоғарғы сотының кейінгі шешімі себеп. Оған сәйкес, Қытайға енгізілген 145 пайыздық тариф өз күшін жояды. Енді сарапшылардың бірі «саудаға қатысты текетіресте Си Цзинпинь Дональд Трамппен бұрынғыдай санаса қоюы екіталай десе, енді бірі әлем экономикасын ұршықтай иіріп үйренген Ақ үй басшысы қысым көрсетудің басқа амалын табады», деп санайды.