Әлем ең ірі мұнай дағдарысын бастан кешіп жатыр
Әлемдік нарықта мұнай, газ және алтын бағасы құбылып тұр. Израиль, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстан мұнай бағасы күрт өсті.
Сарапшылар мұны Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінің қозғалысы тоқтауымен байланыстырады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың қымбаттауын уақытша құбылыс деп бағалады. Ақ үй басшысы мұны жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы уақытша шығын деп атады. Алда мұнай нарығын не күтіп тұр?
Қазір әлем тарихтағы ең ірі мұнай дағдарысын бастан кешіп жатыр. Бұл – Rapidan Energy Group басшысы Роберт Макнеллидің сөзі. Оның айтуына қарағанда, Таяу Шығыстағы шиеленістен жаһандық мұнай нарығының 20 пайызы тұралап қалды. Күн сайын 20 миллион баррельге жуық мұнай мен отын Парсы шығанағында қамалып қалып, әлемдік нарықта мұнай бағасы бір баррельіне 80 мен 100 доллар аралығында құбылып, тұрақсыздық орнады. G7 елдері тапшылықтың орнын толтыру үшін мұнай қорын шығаруды қарастырып жатыр. Францияның қаржы министрі Ролан Лескюр елдер жағдайды мұқият бақылап, қажет болған жағдайда барлық мүмкін құралдарды қолдануға келіскенін айтты.
Ролан Лескюр, Франция Қаржы министрі:
- Біз Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Егер мұнай нарығындағы ахуал ушықса, бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараны қолдануға дайынбыз. Қажет болса, қорда сақталған стратегиялық мұнайды да нарыққа шығарамыз.
АҚШ долларының нығаюы аясында алтын бағасы төмендей бастады. Кейінгі деректерге сәйкес, бағалы металлдың бір грамы қазір шамамен 164,7 долларға бағаланып отыр. Ал Үндістанда газ бағасы шарықтап барады. Рейтердің хабарлауынша, көгілдір отын құны бірден 7 пайызға қымбаттаған. Қазір бір құтысы шамамен 10 доллардан сатылып жатыр.
Қақтығыстың экономикалық салдары көрші мемлекеттерге де әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Түрікменстанда Иранмен логистикалық қатынастардың тоқтауына байланысты азық-түлік, тұрмыстық химия және құрылыс материалдарының бағасы едәуір өскен. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жағдай да белгілі. Таяу Шығыста шиеленістің күшеюі себепті Дубайда үй бағасы шамамен 20 пайызға төмендеген. Дағдарыстың әсері туризм саласында да байқала бастады. Бұған дейін бір тәулігі 400 еуро тұратын қонақ үйлердің бағасы қазір 65-70 еуроға дейін арзандаған.
Навин Дас, мұнай нарығы бойынша сарапшы:
- Қақтығыс салдарын әлемнің көптеген елі сезініп жатқаны анық. Ең алдымен оның әсері жанармай бағасынан байқалады. Өйткені мұнайдан бензин, дизель және авиациялық отын өндіріледі. Сонымен қатар ол пластмасса жасауға, тыңайтқыш өндіруге және жол салуға да пайдаланылады. Сондықтан мұнай бағасының қымбаттауы көлік, өнеркәсіп және жүк тасымалы сияқты көптеген салаға әсер етеді.
Ирандағы соғыс көп ұзамай тоқтаған күннің өзінде, қара алтын бағасы бірден тұрақтала қоймайды. Өйткені, аймақтағы бірқатар мұнай өңдеу зауыттары шабуылға ұшырады. «Ал мұны қалпына келтіру үшін уақыт қажет», - дейді сарапшылар.
Авторы: Динара Қуандыққызы