Ираннан Түркияға бет алған адамдар көбейді
Таяу Шығыстағы шиеленіс Түркия-Иран шекарасында қарбалас туғызды. Кейінгі он күнде шекарадан 20 мыңға жуық адам өткен. Жүк көліктері де мұқият тексеріліп, қатынап жатыр.
«Дәл қазір бекеттерде дүрбелең жоқ», - дейді жергілікті билік өкілдері. Алайда қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Таяу Шығыста шиеленіс басталғалы Түркия-Иран шекара қақпаларында қозғалыс белсенділігі артты. Екі ел арасындағы негізгі өткізу бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жүк тасымалы тоқтаған жоқ. Десе де Иран азаматтарының Түркияға кіруіне шектеу қойылғанымен, өзге елдің азаматтары еш қиындықсыз өтіп жатыр.
Ресми дерекке сәйкес, 1-10 наурыз аралығында Иран мен Түркия шекарасынан шамамен 20 мыңға жуық адам кіріп-шыққан. Әдетте күніне 4 мыңдай жолаушы өтетін Капыкөй-Ван шекара бекетінде қақтығыс басталғалы бұл көрсеткіш екі есе азайған.
Алайда әуе кеңістігінің жабылуы мен рейстердің тоқтауы салдарынан жолаушылардың дені құрлық жолын таңдауға мәжбүр. Өйткені бұл жер негізгі транзиттік нүкте саналады. Сол себепті мұнда қозғалыс екі бағытта да қарқынды жүріп жатыр. Иран аумағынан он күнде 11 мыңға жуық жолаушы өтсе, керісінше Түркиядан Тегеранға аттанғандар саны 9 жарым мыңға жуықтайды.
Акбар, Иран азаматы:
- Мен Иранға оралып, елімді қорғағым келеді. Қажет болса, Отаным үшін жанымды беруге дайынмын. Бұған дейін Германияда тұрдым. Енді онда қайта оралатын ниетім жоқ.
Ал шекараның арғы бетінде ахуал мәз емес. Тоқтаусыз әуе соққылары халық арасында үлкен үрей туғызған. Сол себепті қауіпсіздігін ойлап Ираннан бассауғалап кетіп жатқандар да көп.
Махир, ирандық студент:
- Біз бірнеше жарылысты өз көзімізбен көрдік. Қатты қорқамыз. Анаммен бірге Түркияға өткім келеді, ол жақ қауіпсіз.
Мұнан бөлек, Ираннан бірнеше ел өз азаматтарын дәл осы Капыкөй шекара бекеті арқылы эвакуациялап жатыр. Мәселен, Судан Ирандағы 30-ға жуық елшілік қызметкерін Түркия аумағына өткізді. Тағы Таиландтың 70-тен астам азаматы Анадолы жеріне эвакуацияланды. Түркияның Иранмен шекаралас жерінде қозғалыс күшейген тұста билік те қауіпсіздік шараларын қатаңдатты. Жандарм және полиция қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Десе де Анкара аймақта ахуал күрт өзгерген жағдайда қосымша қауіпсіздік шараларын енгізуі мүмкін.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева