Мектептердегі ЖИ қолданысы: әлемдік тәжірибе

Әлем елдері мектеп бағдарламасына жасанды интеллектіні белсенді енгізіп жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, Құрама Штаттарда ұстаздардың жартысынан көбі жұмыс барысында жасанды зерде көмекшілерін қолданады. Сарапшылардың  пікірінше, жаңа технологиялар мұғалімдерге жүктемені азайтып қана қоймай, оқу процесін әлдеқайда тиімді етуге ықпал етеді.

Эстонияда ұстаздарға сабақты дайындауға жасанды интеллект көмекшілері жәрдемдеседі. AI Leap мемлекеттік бағдарламасы аясында жасанды сана ресми мектеп жүйесіне енгізілді. Жоба нәтижесінде 20 мыңға жуық жоғары сынып оқушылары мен 3 мың мұғалім жасанды интеллект құралдарына ие болды. Бұл технологиялар ұстаздарға сабақ барысын жоспарлауға, әр оқушының оқу үлегріміне сәйкес тапсырмалар дайындауға және олардың көрсеткіштерін талдауға көмектеседі. Осы арқылы мұғалімдер артық жұмыстан арылып, сәйкесінше балалармен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алады.

АҚШ-та мұғалімдерді қолдауға бағытталған жасанды интеллект құралдары белсенді енгізіліп жатыр. Жаңа технологиялар ұстаздарға аптасына 6 сағат жұмыс уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе үй тапсырмасын тексеріп, оқу материалдарын дайындауда жасанды сана құралдары кеңінен қолданылады. Биылғы оқу жылы Остин қаласында жасанды интеллектіге негізделген ұстаздар сабақ беретін алғашқы жеке мектеп ашылды. Мұнда оқу процесін білім алушылардың өзі басқарады. Олар арнайы қосымшалар арқылы сабақ оқиды.

Ал Үндістанның Раджастхан штатындағы білім ұяларында жасанды сана балалардың оқу дағдыларын бағалайды. Технология мобильді қосымша арқылы жұмыс істейді. Оқушылар мәтінді дауыстап оқиды, содан соң алгоритм оқу жылдамдығы мен дұрыс-бұрыстығын талдайды. Осыдан кейін аталған жүйе мұғалімдер үшін егжей-тегжейлі есеп дайындап береді. Нәтижесінде ұстаздар қай оқушылардың қиындықтарға тап болғанын және қандай тақырыптарға қосымша назар аударуды қажет ететінін тез арада анықтай алады. Жобаға қазірдің өзінде 3,5 миллионнан астам оқушы қатысып үлгерді.

Авторы: Мөлдір Жақан