Малайзиядағы қазақстандықтар дауыс беріп жатыр

Малайзиядағы қазақстандықтар да референдумда белсенді дауыс беріп жатыр.

№423 дауыс беру учаскесі Куала-Лумпур қаласында, Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан.

Қазір Куала-Лумпурда сағат 16:00. №423 дауыс беру учаскесі – Малайзия аумағындағы жалғыз учаске. Бүгін мұнда түске қарай келушілер саны едәуір артты. Кейбір отандастарымыз Куала-Лумпурға басқа қалалардан арнайы келіп, дауыс беріп жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін учаскедегі дауыс берушілердің белсенділігі 20 пайызды құрады. Бүгін дауыс беруге келгендердің  қатарында Малайзия университеттерінде білім алып жүрген қазақстандық студенттер де, сондай-ақ осы елде жұмыс істеп, тұрып жатқан отандастарымыз да бар.

Қыран Орынбеков, № 423 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы:

- Дауыс берушілердің басым бөлігі - жастар. Себебі Малайзияда біздің азаматтардың көпшілігі осында білім алып жүрген студенттер. Соған байланысты олар белсенділік танытып, елшілікке келіп, дауыс беріп жатыр. Қазіргі уақытта дауыс беру үдерісі белсенді жүріп жатыр.

Айнұр Жексембинова, дауыс беруші:

- Референдумға келу өзімнің азаматтық борышым деп ойлаймын. Әр қазақ өзінің еліне жанашыр болса, қай жерде, қай мемлекетте болғанына қарамастан міндетті түрде өзінің азаматтық борышын орындап, халқының болашағын ойлау мақсатында келіп дауыс беру міндетті деп санаймын.

Фатима Жүнісова, дауыс беруші:

- Мен Малайзия еліне қонаққа қыдырып келдім. Бүгін біздің еліміз үшін үлкен бір маңызды шара болып жатыр – референдум. Мен референдумға өз таңдауымды жасауға келдім.

Бұл учаскеде дауыс берушілер тізіміне барлығы 124 азамат енгізілген. Куала-Лумпурдағы таңғы сағат 07:00-де ашылған дауыс беру учаскесі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Қазақстан уақытымен ол - 17:00.