Сауд Арабиясында екі дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр
Еліміздегі Конституциялық референдумға байланысты Сауд Арабиясында жүрген отандастарымыз үшін екі дауыс беру учаскесі құрылған.
Оның бірі ел астанасы Эр-Риядта, ел екіншісі Джиддада жұмысын бастады.
Елдегі референдумнан Таяу Шығыста жүрген қазақстандықтар да шет қалып жатқан жоқ. Қазір мен Риядтағы Қазақстан елшілігінде тұрмын. Мұнда дауыс беру учаскесі таңғы 07:00-де есік ашты.Сауд Арабиясында отандастарымыз екі учаскеге барып, таңдау жасай алады. Оның бірі ел астанасында, ал екіншісі Мекке мен Мәдинаға барар жолдағы Джиддада орналасқан. Бұл жақта ахуал көрші мемлекеттермен салыстырғанда тұрақты деуге келеді. Сол себепті дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Қазақстан азаматтары дипломатиялық қалашық аумағына төлқұжатын көрсетіп, кіре алады. Консулдық қызмет өкілдері жергілікті қауіпсіздік органын алдын ала ескерткен. Демек корольдікте жүрген ел азаматтары кешкі сағат 20:00-ге дейін учаскеге келіп, таңдау жасауға құқылы. Қазірдің өзінде келушілер қарасы аз емес, дауыс берушілердің белсенділігі біртіндеп артып келеді.
Тұрсынғали Еспанов, №418 референдум учаскесі комиссиясының мүшесі:
- Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы №418 дауыс беру учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де жұмысын бастады. Елшілікте консулдық есепте тұрған 70-ке жуық азамат дауыс береді деп күтілуде. Дауыс беру учаскесі дипломатиялық қалашықта орналасқан. Жергілікті полициямен дауыс берушілердің учаскеге емін-еркін кіріп-шығуы келісілген.
Айта кетейік, өңірдегі жағдайдың күрделі сипат алуына байланысты кей мемлекеттерде дауыс беру учаскелері ашылған жоқ. Жағдай шиеленісіп тұрған аймақтан қазақстандықтардың көбі елге қайтып та үлгерді. Бұл тізімде Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан және Кувейт бар. Қауіпсіздік мақсатында ол жақта көптеген іс-шара кейінге шегерілген.