Иранда саяси дағдарыс күшейді

Израильдің үкіметбасы Биньямин Нетаньяху Иран халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. Жұрт оның өлі-тірсін біле алмай, аңысын аңдып отырғанда осындай хабар жетті.

Бейнежазбаны Ассошиэйтед Пресс агенттігі жариялады. Бірақ бірінші болып шығуға тиіс жаңа Аятолла көрінбейді. Дегенмен Нетаньяху наурызға мән берді деп соғыс тоқтап жатқан жоқ. Бұл аласапыран енді үш-төрт айға созылса, әлемде 45 миллионға жуық адам ашаршылыққа ұшырауы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы осылай деп дабыл қақты. Ирандағы соғыс үшінші аптаға кетті. 2 мың адам қаза болды. АҚШ пен Израильдің шабуылдары толастар емес. Иранда тіресіп, айналасына от бүркіп жатыр. Енді қазіргі жағдай қандай, болжам не дейді?

Иранда саяси дағдарыс күшейді

Иран халқы Жоғарғы Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджаниді жер қойнына тапсырды. Ықпалды саясаткер Израиль әскерінің қолынан қаза тапқан соң, ЦАХАЛ іле-шала Барлау министрі Эсмаил Хатибтің де көзін жойды. Бұл онсыз да жаралы жолбарыстай жұлмаланған Ислам мемлекеті үшін жығылғанға жұдырық болып отыр. Израиль алған бағытынан тайынар емес. Қорғаныс министрі Исраэль Кац «Иранда бізден ешкім құтыла алмайды», - деп сес көрсетті. «Ірі саяси тұлғалардың бірінен соң бірінің көз жұмуы арадағы шиеленісті одан сайын ушықтыруы мүмкін», – дейді сарапшылар.

Хамзам Амира-Фернандес, Заманауи араб зерттеулері орталығының атқарушы директоры:

- Иран мен Израиль тарапы бұл соғыста алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп жатқанын айтады. Шын мәнінде мұның салдары қандай болатынын түсіну қиын. Бірақ Әли Лариджанидің ұзақ уақыт ирандық саяси жүйеде өте маңызды тұлға болғаны анық. Осы тұста Иран жаңа көшбасшыларды ұсына ала ма және елдің саяси-әскери саладағы ірі тұлғаларға жасалып жатқан шабуылдарға қарсы тұра ала ма деген сұрақ туындайды. Әзірге Ислам мемлекеті мұның бәріне төтеп беріп жатыр. Бірақ бұл алдағы уақытта жағдайдың одан әрі шиеленісіп, аймақтағы тұрақсыздықтың, әлем экономикасындағы қиындықтардың ушығуына әкеледі деген күмән бар.

Иран от мерекесін тойлап жатыр

Иранда Наурыз қарсаңында тойланатын дәстүрлі от мерекесі биыл саяси текетіреске ұласты. Ресми билік елдегі қауіпсіздікті сақтауды сылтауратып, бұқаралық шараларға қатаң тыйым салды. Ал Иранның тақтан тайдырылған соңғы шахының ұлы, шетелдегі оппозиционер Реза Пехлеви халықты көшеге шығып, мерекені атап өтуге шақырды. Ал Ислам республикасының жаңа рухани көсемі Моджтаба Хаменеиден әзірге хабар жоқ. Жоғарғы көшбасшы болып тағайындалғалы бері ел алдына шыққан емес. Тіпті оның өлімі жайында хабар тараған еді. Алайда Тегеран ресми мұны растаған жоқ. Тек соғыстың алғашқы күнінде жараланғанын, қазір өміріне қауіп төнбейтінін мәлімдеді.

Реза Пехлеви, Иранның тақ мұрагері: 

- Бұл мереке –  жарқын өмір мен тазалықтың символы. Иран режимінің қараңғылығын жеңіп, Отанымызды оның қылмыстық басқыншыларынан арылтады. От мейрамын тойлау арқылы біз әлемге Ислам мемлекетінің бостандыққа ие болып, қазіргі режимнен құтылатын уақыты жақын екенін жар саламыз.

Б. Нетаньяху Иранды наурыз мейрамымен құттықтады

Реза Пехлеви тақауда берген сұхбатында биылғы Наурызды Тегеранда тойлауы мүмкін екенін айтқан. Сарапшылар Пехлеви болашақта Иранның саясатына араласуға ұмтылып жатыр деген пікірде. Ал Израиль премьер-министрі Ислам республикасының үкіметке қарсы наразылықты басу қабілетін әлсіретуді мақсат тұтып отырғанын жасырмайды. Айтпақшы, Биньямин Нетаньяхудың да қайда жүргені біраздан бері жұмбақ күйде қалып отыр. Жаңа аятолла көрінбегенімен, Израиль премьер-министрі әлсін-әлсін бейнежазбалар жолдап отырады. Кейінгі рет ол Иран халқын мейраммен құттықтады. Бейнежазбаны Ассошиэйтед Пресс агенттігі жариялады. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі: 

- Израиль Иран режиміндегі лаңкестіктің екі негізгі көшбасшысының көзін жойды. Ұшақтарымыз оларды кез келген жерден тауып алып, соққы жасай алады. Бұл Иранның ержүрек халқына От мейрамын алаңсыз тойлау үшін берілген мүмкіндік. Наурыз мейрамы құтты болсын! Біз сіздерді жоғарыдан бақылап отырмыз.

Иран экономикасы шатқаяқтап тұр

Осылайша Ирандағы саяси, экономикалық дағдарыс күшейіп барады. Халықтың тұрмыстық жағдайы мүшкіл. Ақпан айында Ислам мемлекетінің статистикалық орталығы елдегі инфляция деңгейі 68%-ға жеткенін хабарлады. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Соғыс логистикалық тізбектерді бұзып, ұлттық валютаның құнсыздануын жеделдете түсті. Азық-түлік бағасы жылдық көрсеткіш бойынша 110% - ға қымбаттады. Билік ең төменгі жалақыны 60 пайызға, яғни, 77 доллардан 125 долларға көтерді. Сондай-ақ отбасылық жәрдемақыны көбейтті. Өзгеріс ертеңнен бастап күшіне енеді. «Бұл қысқа мерзімде оң әсер еткенімен, құрылымдық реформаларсыз нәтиже ұзаққа бармайды», - дейді сарапшылар. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Таяу Шығыстағы қақтығыс жалғаса берсе, биыл әлем бойынша азық-түлік тапшылығына тап болған тұрғындардың жалпы саны рекордтық деңгейге жетуі мүмкін деп ескертеді. Соғыс жыл ортасына дейін аяқталмаса әрі мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары болып қала берсе, 45 миллиондай адам ашаршылыққа ұшырауы әбден ықтимал.