Кремний алқабындағы Ұлыстың ұлы күні. LIVE
Ұлыстың ұлы күнін Кремний алқабында да атап өтті.
АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы отандастырымыз бас қосып, төл мәдениетімізді дәріптеді. Осы арқылы жаңа технологиялардың қайнар көзіне айналған аймақ Қазақстанды ғана емес, қазақстандық жас стартаперлерді де жақсырақ тани бастаған.
Салынғанына 111 жыл болған Сан Францисконың басты ғимараты - қала мэриясында бүгін бірінші рет қазақтың киіз үйі тігіліп, қариясы бата берді.
- Әуелі құдай оңдасын, Қыдыр бабам қолдасын, еш жамандық болмасын. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Қонақтар төл дастарқанымыздың тәтті-дәмдісінен ауыз тиді. Ақжарма тілегін арнаған Асқарбек ақсақал Кремний алқабында өз стартабын дамытып жатқан немересіне қонаққа келіпті. Ала Атасының көзқуанышы Ажар Асқарбекова стартап индустриясында жеті жылдан еңбек етіп келеді. Қазір білім беру мен мансапты байланыстыратын жасанды интеллект жобасын құрумен айналысады. Ұлттық нақыштағы осындай мерекелер қазақстандық жастардың жолын ашатынын тілге тиек етті.
Ажар Асқарбекова, Admyra стартапының негізін қалаушы:
- Бірнеше жыл бұрын Қазақстан дегенде ешкім ештеңе білмейтін. Осындай мәдени конференциялардың арқасында бізді көбірек біледі, инвестициялар жақсырақ береді.
Фаундердің бұл сөзін бас консул Назира Нұрбаева мен стартаперлердің басын қосып, дамуына үлес қосып отырған Әсет Абдуалиев те қолдап отыр.
Назира Нұрбаева, Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы бас консулы:
- Осындай Наурыз сияқты іс шаралар өткізу арқылы біз Қазақстанның бай мәдениетін, тарихымызды, өзіміздің өнерімізді көрсете аламыз. Осы жердегі тұрғындарға таныстырамыз. Мұндай мәдени байланыстар уақыт өте келе іскерлік және инвестициялық жаңа әріптестіктерге және жаңа жобаларға ұласады деп сенеміз.
Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы:
- Соңғы үш жылда бірлескен жұмысымыздың арқасында еліміздің танымалдығы ғана емес, мұнда келіп, стартаптарын дамытатын жастар көбейді. Мәселен, алдыңғы жылы Astana Hub пен Өзбекстандағы IT Park бірге жүзеге асырып жатқан бағдарлама арқылы жүзден астам стартап келсе, былтыр тағы 80 стартап тартылды. Олар тек осы жердегі экожүйені ғана емес, Қазақстандағы стартап ортаны да дамытып жатыр.
Салтанатты кеште дәстүрге сай күй күмбірлеп, бишілер мың бұралып би биледі. Бас консул Сан-Франциско мэріне мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін ілтипат білдіріп, шапан жапты.
Ердана Ержанұлы, Қаламқас Қуанышбекова, Эндрю Фанг