Ұлттық ою-өрнегі бар бұйымдар брендке айналды
Қыштан жасалған қазақтың тұрмыстық бұйымдары әлемдік аренада жоғары бағаланады.
Қазақстандық шеберлер шетелдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен Қарлығаш Оралбай ерекше үлгідегі дүние жасауды трендке айналдырған. Ол қолынан шыққан әр затты ою-өрнекпен безендіреді. Тақырыпты жас шебермен тілдесіп қайтқан әріптестім жалғастырады.
Кесе, құмыра, тәрелкелер мен қобдишалар. Мұның бәрін Қарлығаш Оралбай саз балшықтан жасайды. Кейін оны кептіріп, керамикаға айналдырады. Бұйымдарын қазақтың ою-өрнегімен безендіреді. Жас шебердің қолынан шыққан дүниелерді азаматтар қолданып қана қоймай, сыйға да табыстайды екен.
Қарлығаш Оралбай, қыш шебері:
- Қазір мен саз балшықты алып ұрғыштап, ауа шығарып жатырмын. Бұл 1,5 кг салмақтағы саз балшық. Бұдан қазір біз биікті 20 см құмыра жасай аламыз.
Жас шебер сүйікті ісін тек табыс көзіне айналдырып қоймай, оған қызыққан азаматтарды үйретумен де айналысады. Оның тәжірибелік сағатына Әзербайжан, Ресей, Қырзыстан секілді елдерден арнайы келетіндер бар. Айтқандай, былтыр Қарлығаш Түркияда өткен 50-ге жуық мемлекеттің қыш шеберлері қатысқан байқауда оза шауып, жүлделі екінші орынға ие болған.
Қарлығаш Оралбай, қыш шебері:
- Қазақи нақыштағы бұйымдарды, айдентиканы дамытқым келеді. Сол себепті менің шығармашылығым осы қазақи стильде, сәнде деп айтсам боалды. Елдің ішінде де, сыртында да маған өте жақсы баға береді. Әлеуметтік желілерде адамдар үнемі «рахмет, Қарлығаш, осындай қазақы нақышты дамытып жүргеніңізге, шығармашылығыңызға тамсанамын, шығармашылығыңызда тарих бары көрініп тұр» деп, көп адам хат жазады. Шетелде жүргенде де шетелдік шеберлер өте көп жылы сөз айтады.
2 жыл бұрын Қарлығаш мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы алып, шеберханасына қажетті құралдарды сатып алған. 10 жылдан астам уақыт осы бір кәсіппен айналысатын қыш шеберінің ендігі арманы – ұлттық нақыштағы бұйымдарын саудалайтын дүкен ашу.
Альмира Оразбай, Мадияр Қындыбаев