Ұлыстың ұлы күні Вашингтонда тойланды

Әз Наурызды АҚШ астанасында да атап өтті.

Қазақ-Америка қауымдастығының мұрындық болуымен Вашингтон қаласы мен жақын жатқан штаттардағы қазақтар саябақта бас қосты. Ұлттық дәмнен дастарқан жайылып, отандастарымыз мен жергілікті тұрғындар жыл басын бірге қарсы алды. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Ұлыстың ұлы күні АҚШ-қа да келіп жетті. Дәл осы Вашингтон қаласы, Мэриленд пен Вирджиния штаттарындағы ең танымал палаулардың бірі Бұрхан ағаның палауына дәл қазір осы жақтағы иісі қазақ ағайынның барлығы келіп жиналып отыр. Наурыз көже, бауырсақ, ән мен той - барлығы да бар. Биыл бұл жақта да әз Наурыз ерекше деңгейде тойланып жатыр.  

Алдымен Қазақстанның әнұраны шырқалды. Кейін осы аймақтың ақсақалы Тәпен Аухадиевке құрмет көрсетіліп, мерекемен тұспа-тұс келген 90 жылдық туған күніне орай шапан жабылды. Қарияның батасымен мерекелік бағдарлама басталып, күй күмбірледі. 

Қаршыға Баятова, ұйымдастырушы топ өкілі:

- Негізі жыл сайын біз 250-300 адамды күтеміз. Осы жылда да қазақ коммюнитиі белсенділігі өте жоғары. Кеше кешке 250 адам билет сатып алып, өзінің белсенділігін білдіріп, келеміз деп қуанып отырды. 

Әз-Наурыз АҚШ-тағы қазақтар үшін орны бөлек мереке. Біреулер тағдыр қосқан қосағын осы мейрам кезінде жолықтырса, енді біреулер төс қағысып қауышып, туған елге деген сағынышын басып жатыр. Арасында кезінде Қазақстаннан асырап алған қаракөздеріміз де бар.  

Мадина Көшербаева, мереке қонағы:

- 20 жылдай Америкада тұрып жатырмын. 15 жыл бұрын мен Kazakh American Association-ның Наурыз тойлауында күйеуімді кездестірдім. Үш балалы болдық. Сол мына жерде тұрып жатырмыз. Жұмыс істеп жатырмыз. Бизнестеріміз бар. Өте қуаныштымын. Наурыз құтты болсын. Ақ мол болсын.  

Эмма Жанат Андерсон, мереке қонағы:

- Сәлем! Есімім Жанат, Біз Огайо штатының Кливленд қаласынан келдік. Алғашқы наурызымызды былтыр Қазақстанда атап өтсек, биыл Ерден деген досымыздың шақыруымен Вашингтонда тойлап жатырмыз. Сондай қуаныштымыз! 

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырушылар арнайы киіз үй тікті. Мерекелі мол дастарханға жиналған кей қонақтар үйлерінен дәм әкеліп, ұсынды. Ет пен палаудан бастап, жеміс-жидек, сусынға дейін бірлік пен молшылықтың нышанына айналды. Оны мерекеге келген америкалықтар да растап отыр. 

БЛИЦ: 

Майкл, мереке қонағы:

- Тамақ сондай дәмді екен. Адамдар да жылы шырайлы. Бәрі ұнап жатыр. 

Кэйла, мереке қонағы:

- Соңғы үш жыл бойы үзбей келіп жүрмін. Жыл сайын келушілер саны артып, мерекенің ауқымы ұлғайып жатқанын байқадым. Басқа ұлт өкілі болсам да, бәрі бізді құшақ жая қарсалып жатыр. 

Лукас, мереке қонағы:

- Рас, соңғы жылда адам саны өсіп келеді. Тамақ та, мереке де жоғары деңгейде! 

Айтылған ақ тілектерде жұрт Наурыздың жаңару мәніне баса мән берілді. Аумалы-төкпелі заманда жаңа жыл тек жақсылыққа бастасын деп, дұға етті.  

Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг