АҚШ банкротқа ұшырауы мүмкін
Құрама Штаттар банкротқа ұшырауы мүмкін.
Мұны басқа емес, АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі айтып отыр. Ақ үй басшысы мемлекеттік қарыз көлеміне қойылатын шектеуді алып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, сыртқы берешек көлемін шектеудің пайдасынан зияны көп.
Қазір тек АҚШ қана емес, Еуропаның да қаржылық жағдайы мәз емес. Еуроодақ елдері жеті жылдық бюджетті бекіте алмай әлек. Ал ауқатты дейтін Францияда кедейлік шегі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Биыл тамыз айында АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 трлн доллардан асып жығылды. Қазір 40,52 трлн доллар шамасында. Ал елдің қарыз алу шегі 41,1 триллион доллар болып белгіленген. Бірақ президент Дональд Трамп мемлекет қандай мөлшерде қарыз ала алатынын заңмен шектеу дұрыс емес деп есептейді. Ол осы орайда Демократиялық партия сенаторы Элизабет Уорреннің бұрыннан осындай ұсыныс айтып жүргенін еске салды. Сенатордың пікірінше, сыртқы берешекке қойылған шектеу саяси қысым жасау құралына айналған. Ал оны алып тастаса, саяси келіспеушіліктер салдарынан қаржы дағдарысының туындау қаупі жойылатынын алға тартады.
ЦИТАТА: Дональд Трамп, АҚШ Президенті
- Егер мемлекеттік қарыздың шегіне қатысты мәселе шешілмесе, еліміз банкротқа ұшырайды. Бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Сенатор Элизабет Уоррен бұл шектеуді алып тастауды бұрыннан қолдап келеді. Меніңше, ол дұрыс айтады. Өйткені бұл өте үлкен қауіп әрі күрделі мәселе. Мұндай жауапкершілікті бір адамның немесе белгілі бір топтың қолына беруге болмайды. Бұл шектеу мемлекеттік шығындарға әсер етпейді және қарыздың өсуін де тежемейді.
Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шекті көлеміне келер жылы ақпан немесе наурыз айында жетуі мүмкін. Тіпті одан асып кетуі де ықтимал. Ол кезде Қаржы министрлігі төтенше шаралар қолданып, қаржылай міндеттемелерін уақытша орындауды жалғастыра алады. Алайда жағдай ушыға түссе, 2027 жылдың тамызында мемлекетті дефолт күтіп тұр.
Еуропа ақша үнемдеуге көшті
Ал Еуроодақ елдері бюджетті бекіту мәселесінде бір мәмілеге келе алар емес. Кәрі құрлықта «үнемшіл мемлекеттер» деген түсінік бар. Мұндай елдердің қатарына Нидерланд, Австрия, Швеция, Дания, Финляндия кіреді. Бұлар қаржы бөлуді қатаң бақылауды, мемлекеттік шығындарды шектеуді, ортақ қаражатты ұқыпты пайдалануды және қарыз алу көлемін қысқартуды қолдайды. Тақауда ғана Еуроодақтың 2028-2034 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бюджеті қайта қаралып, құжатты Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта таныстырды. Бюджет көлемі бұған дейін Ирландия ұсынған жоспармен салыстырғанда шамамен 44 млрд еуроға қысқарған. Ал Еуропалық комиссияның бастапқы бюджет жоспары 1 трлн 763 млрд еуро еді. Антониу Коштаның кейінгі ұсынысы шамамен 180 млрд еуро үнемдейді. Бірақ Еуропарламент мұны құптамады. Заң шығарушылардың айтуынша, мұндай ауқымды қысқартуға жол беруге болмайды. Өйткені бұл болашақта қорғаныс, инновациялар мен өңірлік даму салаларына құятын инвестицияларға кері әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе Еуропаның шығысындағы елдер қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтуды сұрап отыр.
Кристиан Штокер, Австрия канцлері:
- Бұл мәселені көзқарасымыз сәйкес келетін мемлекеттермен талқыладық. Бізге жаңа ұсыныс қажет. Егер біз жыл соңына дейін ортақ шешімге қол жеткізгіміз келсе, бюджет көлемін айтарлықтай қысқартуды көздейтін жоспарды тез арада әзірлеу керек.
Еуроодақтың жеті жылдық шығындарын айқындайтын бюджет 2027 жылдың соңына дейін бекітілуге тиіс. Алайда Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта бұл келісімге биыл қол жеткізуді жоспарлап отыр. Себебі одаққа мүше елдерде, соның ішінде Францияда маңызды сайлаулар өтеді. Бұл бюджет жөніндегі келіссөздерге әсер етуі мүмкін. Осы аптада Еуропалық Одақ көшбасшылары Брюссельде бұл мәселені арнайы саммит барысында тағы да талқыламақ.
Биыл Франция бірқатар қаржылық қиындыққа тап болды. Ал өмір сүру құнының өсуіне қарсы наразылықтар жағдайды одан әрі шиеленістіріп, үкіметке қысымды күшейте түсті. Демек, 2027 жылға арналған мемлекет бюджетін қабылдау күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Өткен аптада Сенат бюджетті қарауға кірісті. Алайда төменгі палатадағы көпшіліктің қолдауынсыз үкімет парламенттің мақұлдауына қол жеткізуі екіталай. Сол себепті қаржы туралы заң биыл қабылданбауы мүмкін. Бұл жағдайда бюджет тапшылығы одан әрі өсе бермек. Үкімет тапшылық көлемін жалпы ішкі өнімнің 5%-ына жеткізуді жоспарлаған еді. Алайда ол 5,4%-ға дейін ұлғаяды деген болжам бар.
Жак Сапир, экономист:
- Қазіргі жағдайда Үкіметтің мүмкіндіктері шектеулі екені анық. Шын мәнінде, мәселе мемлекеттік қарызда емес, бюджет тапшылығында болып отыр. Жыл соңына қарай бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 5,4–5,5%-ына жетуі мүмкін. Бұл тым көп. Сондықтан дәл қазір бюджет шығындарын қайта қарау мәселесі айрықша маңызға ие.
Францияның мемлекеттік қарызы - 3 триллион 650 миллиард еуро. Бұл ЖІӨ-нің 120 пайызы. Үкімет әлеуметтік шығындарды мемлекеттік кірістер есебінен қаржыландыруға қауқарсыз. Тағы бір мәселе – елде экономикалық өсім баяулаған.
Орельен Таше, Франция ұлттық жиналысының депутаты:
- Бүгінде Франциядағы кедейлік деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл дегеніміз - жалпы халық санының 15%-ы. 70 миллионға жуық тұрғыны бар, экономикасы дамыған әрі қуатты ел саналатын Франция үшін бұл өте таңғаларлық жағдай.
Париж алдағы жылдың бюджетін 31 желтоқсанға дейін бекітуге тиіс. Бірақ мемлекет былтыр да бұл заңды уақытында қабылдай алмаған. Уақытша шара ретінде «арнайы қаржы туралы заңды» қолдануға мәжбүр болды. 2027 жылдың басым бөлігінде «арнайы заңды» қолдану бюджет тапшылығын тағы жарты пайызға арттырады. Францияның Қаржы жөніндегі бас инспекциясының дерегі бұл.
Дегенмен, мемлекеттік қарыз көлемі өссе, міндетті түрде ел экономикасы құлдырайды деген сөз емес. Мәселен, Құрама Штаттарда 2026 жылдың үшінші тоқсанында ЖІӨ өсімі 3,4%-ға дейін жеделдеген. “Бұған халықтың тұтынушылық белсенділігі мен технологияға бағытталған инвестициялар себеп» дейді сарапшылар. Бұдан бөлек таяуда Илон Маск АҚШ-тағы мемлекеттік қарыз мәселесін шешуге роботтар мен ЖИ көмектесе алатынын айтқан болатын. Бұл көңіл жұбату ма әлді шынымен үміт бар ма, о жағына уақыт қана төреші.