Жанармай бағасы бойынша жаһандық рейтинг жарияланды
Global Petrol Price жүргізген есеп бойынша алғашқы ондыққа экономикасы дағдарысқа ұшыраған елдермен бірге халқының әл-ауқаты әлдеқайда тұрақты елдер енген.
Ал экономикасы қуатты елдерде жанармай бағасы, дамушы елдерге қарағанда қымбат. Бұл қарама-қайшылық нені білдіреді?!
Әлемдік жанармай бағасына не әсер етеді?
Жанармай бағасы ең арзан елдердің алғашқы үштігінде Ливия, Иран және Венесуэла тұр. Бұл елдерде бір литр жанармай бағасы 10 центтен де төмен. Теңгеге шаққанда небары 10-12 теңгенің көлемінде. Ал АҚШ, Жапония және Еуропаның бірқатар елінде жанармай бағасы едәуір қымбат. Бір қарағанда, арзан жанармай өмір сүру сапасының көрсеткіші ретінде есептелуі мүмкін. Дегенмен, сарапшылар мәселенің екінші тұсы барын айтады.
ӘЛЕМ БОЙЫНША ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ АРЗАН ЕЛДЕР
Ливия - $0.023
Иран - $0.029
Венесуэла - $0.035
Ангола - $0.327
Кувейт - $0.342
Алжир - $0.356
Түрікменстан - $0.432
Египет - $0.459
Қазақстан - $0.509
Қатар - $0.521
Сауд Арабиясы - $0.621
Бахрейн - $0.622
Оман - $0.622
Ирак - $0.651
БАӘ - $0.675
GLOBALPETROLPRICES.com
Бағаның арзан болуына әсер ететін басты фактор - мемлекеттік субсидиялар. Билік жанармай құнының бір бөлігін бюджет есебінен өтейді. Мұндай саясат көбіне мұнай қоры мол елдерге тән. Мемлекет халыққа түсетін жүктемені азайту үшін бағаны жасанды түрде ұстап тұрады. Ал дамыған елдерде бензин құнының біраз бөлігі салықтар есебінен өтеледі.
Бір қызығы, қай ел табиғи ресурсқа бай болса, бұл сол елде жанармай бағасы арзан дегенді білдірмейді. Сарапшылар мұны бюджет және экологиялық саясатпен түсіндіреді. Сонымен қатар, қай елде баға төмен, сол елде халықтың әл ауқаты жақсы деуге де толық негіз жоқ.
Бұл бюджет қаражатын қайта бөлудің нәтижесі. Осылайша бензин бағасы ең алдымен мемлекеттік саясаттың көрінісі. Және ол өмір сүру сапасымен тікелей байланысты бола бермейді. Яғни, ұзақ мерзімді перспективада басты фактор жанармай бағасы емес, экономиканың тұрақтылығы мен халық табысының деңгейі болмақ.
Фариза Жанғанаева, Сандугаш Байгуаныш