Бибісара Асаубаева рейтингте көтерілді

Бибісара әлем үздіктері қатарында.

Халықаралық шахмат федерациясы классикалық шахмат бойынша рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, қазақ қызы Бибісара Асаубаева бесінші орынға көтерілді. Қазір оның еншісінде 2537,4 ұпай бар. Бибісара алдыңғы бестікке қайта оралды десек болады. Одан жоғары тұрған төрт шахматшының үшеуі Қытай өкілдері. Атап айтқанда, Хоу Ифань, Чжу Цзиньэр және Цзюй Вэньцзюнь тізімді бастап тұр. Сондай-ақ ресейлік Александра Горячкина да осы тізімнің ішінде.

Балалар спортына қаржы екі есе өсті

Бір баланы даялауға 415 мың теңге бөлінеді. Яғни соңғы жылы қабылданған заңға сәйкес, жас спортшыларды қаржыландыру көлемі екі есе артты. Бұл жөнінде спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама ұлт саулығын нығайтудың тиімді жолы және Қазақстанның халықаралық аренада беделін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта спорт мектептерінде бір баланы даярлауға кететін қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге өсті. Аталшыш жұмыстарға жалпы алғанда 76 млрд тг қарастырылған. 

Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты

Ел үздіктері анықталды. Астанада бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. 19 жасқа дейінгі өрендердің бәсекесіне 350-ге жуық қатысушы жиналып, бір апта бойы өзара мықтыны анықтаған. Нәтижесінде, Мадияр Әскертаев, Абылай Талғат, Әбілмансұр Бақыт, Сабыржан Сағым сияқты жаңа есімдер шығып, өз салмақтарында жеңімпаз атанды. Бұған қоса Арман Мырсабит, Жұмағали Нұрмахан, Досжан Жұмақан, Даниял Шалқарбай, Әмір Рамазан, Мұхамедәлі Рүстембек сияқты ұлттық құрамада бұрыннан келе жатқан боксшылар өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді. Енді жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен ұлттық құрама жасақталып, алдағы жылғы халықаралық жарыстарға дайындық басталады.

Сондай-ақ оқыңыз: