Жаһандық сауда айналымы бәсеңдеді

Әлемдік нарықта өсім 4,6% -дан 1,9%-ға бәсеңдеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының сарапшылары пайымы осындай. Таяу Шығыстағы соғыс жаһандық сауда айналымын тежеп тастады.

Елдер арасында алыс-беріс азайды. Егер Ормуз бұғазында жағдай реттелмесе, жаһандық экономикалық өсім баяулайды. Бұл әлем елдерінің экономикасына қалай әсер етеді? 

Былтыр жаһандық сауда жанданды. Жалпы айналым көрсеткіші 4,6%-ға дейін қарқынды түрде өсті. АҚШ енгізген баж салығына қарамастан, өсім жасанды интеллектінің дамуымен едәуір жоғарылады және Азия, Еуропа елдері арасындағы алыс-беріс белсенді жүрді. Өйткені логистикада іркіліс болған жоқ. Ал қазір қозғалыс шектелді. Осылайша әлемдік көлік қызметі экспортының 7,4%-ын қамтамасыз ететін Таяу Шығыс қазір әлем экономикасы үшін жоғары тәуекел аймағына айналып отыр. Өңірдегі әскери шиеленіс тек мұнай жеткізіліміне ғана емес, бүкіл жаһандық логистика жүйесіне едәуір қысым түсірді. Осыған дейін Ормуз бұғазы арқылы күніне 138 кеме өтетін. Қазір қозғалыс нөлдік деңгейге дейін бәсеңдеді. Бұл халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған жағдай. 

Фрида Юссеф, Юнктад көлік бөлімінің жетекшісі: 

- Бұл көлік, энергетика, азық-түлік, сондай-ақ олардың құны мен қолжетімділігіне әсер етеді. Осы факторлардың барлығы әлем елдерінің  мемлекеттік қаржысына, халықтың әл-ауқатына және шаруашылық секторларға кері әсерін тигізеді.  

Теңіз ғана емес, әуе тасымалы да жабылып, 40 мыңдай рейс тоқтады. Бұл жолаушылар ағынына ғана емес, жүк тасымалын да тежеді. Әсіресе тез бұзылатын тауарлар мен жоғары технологиялық өнімдерді жеткізу мерзімі кешеуілдеп, бизнес үшін қосымша шығындар артты. Соның салдарынан тасымал мен сақтандыру бағасы өсіп, әлем бойынша инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Бұл халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, ішкі сұраныстың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. 

Жаһандық туризм іркіліске ұшырады 

Таяу Шығыс - Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі әуе  тораптарының бірі. Осы бағыттағы іркілістер жаһандық туризм ағындарын бұзып, өзге елдердегі туристік индустрияға да кері әсер етеді. Мысалы, рейстердің қысқаруы мен билет бағасының қымбаттауынан халықаралық сапарлар азаяды. Сәйкесінше, туризмнен түсетін табыс, яғни қызметтік экспорт қысқарады. Бұл өз кезегінде, елдердің валюталық түсімін азайтады; қонақүй, көлік, қоғамдық тамақтану сияқты салалардағы жұмыс орындарына қауіп төндіреді; шағын және орта бизнес табысының төмендеуіне әкеледі.

Сондай-ақ энергия бағасының өсуі әуе тасымалының құнын арттырады. Жанармай қымбаттаған сайын, әуе билеттерінің бағасы ұшып, туризмге сұраныс одан әрі төмендейді. Қақтығыс басталғалы бері әуе компаниялардың операциялық шығындары 20–30%-ға дейін өскен. 

Ормуз бұғазы арқылы өтетін тауарлар  

Жалпы Ормуз бұғазы арқылы әлемдік сауданың ең маңызды тауарлары тасымалданады. Негізгі бағыттар мыналар - мұнай және мұнай өнімдері. Бұл - ең негізгі жүк. Бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы өтеді. Парсы шығанағындағы елдер Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ, Кувейт, Иран осы тар өткел арқылы мұнай экспорттайды. Екінші - сұйытылған табиғи газ. Әсіресе қатардан экспортталатын газ маңызды. Ол Еуропа мен Азия елдеріне жеткізіледі. Үшінші - химия өнімдері және тыңайтқыштар. Оған аммиак, карбамид, мұнай химия өнімдері жатады. Төртінші - өнеркәсіптік тауарлар мен шикізат. Сондай-ақ электроника, киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар сынды контейнерлік жүктер өтеді.

Бұғаз арқылы әртүрлі тауар өтсе де, оның басты маңызы - энергия ресурстарында. Мұнай мен газ ағыны тоқтаса, бұл бүкіл әлем экономикасына тікелей әсер етеді.