Әлемде жолдағы тәртіп қалай реттеледі?

АҚШ-та автокөлік жүргізушісі жолдағы жүгенсіздер туралы шұғыл хабарлай алатын сенім телефоны жұмыс істейді.

Хабар түскен бетте арнаулы полиция дереу жетіп барады. Әлемнің басқа елдерінде жолдағы тәртіп қалай реттеледі? 

Бельгия

Бельгияда жолдағы қауіпсіздікті реттеу мен өлім-жітімді азайтуға алдын ала мән беріледі. Мұнда жүргізушілерді дайындау және куәлік беру бойынша нақты жүйе қалыптасқан. 17 жасқа толған үміткер теориядан сынақ тапсырады. Сәтті өткеннің өзінде жүргізуші куәлігі уақытша беріледі. Оларға біраз шектеу қойылады. Көлікті демалыс және мереке күндері түнгі 22:00ден таңғы 06:00-ға дейін басқара алмайды. Сондай-ақ такси қызметін атқаруға тыйым салынған. Тұрақты куәлікті алу үшін үш ай көлік жүргізіп, кейін практикалық емтихан тапсырады. 

Ұлыбритания

Британияда көлік басқарып келе жатып, ұялы телефонмен сөйлесуге, темекі шегуге және тамақ жеуге болмайды. Жазасы қатал. Солтүстік Уэльсте тауық етін жеген жүк көлігінің жүргізушісі сегіз аптаға түрмеге қамалды. Оны полиция тікұшағы байқап қалған. Сонымен қатар Британия жолдарында арнаулы камера тұрады. Ол жол ережелерін қатаң қадағалайды. Бұзған жағдайда айыппұл арқалатады. 

Финляндия

Финляндияда көліктерге арналған алкоқұлыптар бар. Оны жүргізуші өз еркімен орнатады. Егер ішімдік ішкен кездегі қызуы 0,2 промилледен асса, көліктің оталғышы құлыпталып қалады. Жүк және жолаушы тасымалымен айналысатын көптеген компания осы алкоқұлыпты орнатады. Қазір кейбір мамандар аталған құрылғыны міндеттеуді талап етіп жатыр.