АҚШ-та «No Kings» шеруіне миллиондаған адам қатысты
АҚШ-та миллиондаған адам Трамп әкімшілігінің саясатына наразылық танытып, көшеге шықты.
Ұйымдастырушылардың алдын ала есебі бойынша елдің барлық штатында өткен 3 мыңнан аса шеруге кемінде 8 миллион адам қатысқан. Олар Ақ үйдің Иранға қарсы соғысы мен әсіре қатаң иммиграциялық тексерістерді айыптап жатыр. Вашингтоннан бастап АҚШ-тың барлық 50 штатында дәл қазір «No Kings» деп аталатын , яғни «Патшаша әрекет ететін билікке қарсымыз» деген ұранмен шерулері өтіп жатыр. Бұның барлығы Д. Трамптың билігіне қарсы наразылықтың жалғасы. Осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Шеру Фридрих Дуглас көпірінен бастап, АҚШ президентінің кеңесшісі Стефен Миллердің үйіне дейін жалғасады.
Бұған осы кеңесшінің Ақ үй саясатына зор ықпалы себеп болып отыр. Өйткені дәл соның нұсқауымен АҚШ-тағы қатаң иммиграциялық саясат қалыптасты. Осыған ашынған жұрт қала көшелерімен жүріп өтіп, саясаткер тұратын әскери нысан аумағына дейін барды. Сонымен қатар Ирандағы соғыс, денсаулық сақтау қызметінің қымбат болуы, климаттық дағдарыс мәселелері де ахуалға әсер еткен.
Оливия, шеруге қатысушы:
- Мен медбикемін. Вашингтондағы наразы халықты қолдау үшін Дәрігерлер қауымдастығының атынан келіп отырмын. Бізге халықтың қалтасынан гөрі аман-саулығы анағұрлым маңызды екенін айтқым келеді. Сол үшін үкіметтен әділдік талап етіп шеруде жүрмін.
Морик Брайт, шеруге қатысушы:
- Біз климаттық дағдарыс пен авторитарлық билікке қарсы күш біріктірген вашингтондық ұйым жастарымыз. Трамп әкімшілігінің әсіре қатаң иммиграциялық саясатына, халықты үркітіп-қорқытуына, соғыс бастауына, геноцидке үлес қосуына адамдардың түбегейлі қарсы екенін айту үшін келдік.
Әнабэл, шеруге қатысушы:
- Халықтың осылай ұйымдасып, бір мақсатты көздеп келіп жатқанын көру мені ерекше тебірентіп тұр. Мұндайда қалай қолдамайсың?
Бұған дейін «No Кings» шерулеріне былтыр маусым айында 5 млн, ал қазан айында 7 млн адам қатысқан еді. Ұйымдастырушылар бүгінгі наразылық акциясына 9 млн-ға жуық тұрғын шықты деп болжайды.
Вашингтонмен қатар Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Миннеаполис қалаларынан бастап, шалғайдағы шағын ауыл-аймақтар да белсенділік танытты. Толқулар тіпті Еуропа елдерін де жайлады. Алайда Ақ үй өкілі Эбигейл Джэксон шерулерді солшыл топтар қаржыландырды, халықтың оларды қолдауы мардымсыз деп сипаттады.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг