Жеміс жинайтын робот бағбан

Қытайлар бау-бақшаға арналған робот жасап шығарды. Жаңа құлтемір піскен жемістерді жинап, өзі қораптарға қаптай береді.

Инженерлер жобаны шаруалардың жұмысын жеңілдуге бағыттап отыр. Қазір көрші ел ауыл шаруашылығында роботтарды көп қолдана бастады. Осы арқылы еңбек өнімділігін арттыруды көздейді.

Гуманоид роботтар қосарланып жұмыс істейді. Жоба авторлары екеуінің бойын екі түрлі етіп жасаған. Ұзыны ағаштың жоғары бөлігіндегі жемістерді жинаса, аласа бойлысы төменде жұмыс істейді. Олар 1,5 метрлік жеміс ағаштарына есептелген. Бақша ішінде еркін қозғалуы үшін арнайы шынжыр табанды база қолданылыпты.

Чэн Чунчэн, Инженер-бағдарламалаушы:

- Үлкен робот алма жинау кезінде кедергілерді оңай айналып өтеді. Бұл ағашты зақымдамай жеміс теруге мүмкіндік береді. Ал кішісінің артықшылығы икемділігі мен шапшаңдығында. Бұл жұмыс өнімділігін әлдеқайда тиімді етті. Роботтар әр алманы жұлып қорапқа салу үшін 7,5 секунд уақыт жұмсайды.

Егіз роботтардың басты ерекшелігі талдау жасай алу қабілетінде. Басы механикалық манипуляторларға орнатылған жүйе көздің қызметін атқарады. Бұл роботтарға ағаштарды дәлме-дәл сканерлеп жемістің түсін, көлемі мен пішінін анықтап басқару орталығына жіберіп отырады.

Ян Фузен, жоба жетекшісі:

- «Роботтың миы» тану және талдау үшін алгоритмдерді қолданады. Ол алма ағаштардың, бұтақтардың, тіпті жемістің зиянкестерден зақымдалған орнын анықтай алады. Мәселен, алманың қандай күйде екенін анықтау үшін толық сканерлейді. Компьютер жемістің сапасын анықтаған соң роботқа механикалық қолымен егін жинауға бұйрық беріледі.

Робот бағбандар Шэньси провинциясында сынақтан өткізіліп жатыр. Инженерлер оларды бақша ішіндегі арықтардан оңай өтіп, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында жетілдіруде.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы