Түркі елдерінің жерсерігі таныстырылды

Түркі елдері ұйымының біріккен спутнигі озық технологиямен жабдықталып, ғылыми зерттеу мүмкіндіктерімен ерекшеленуі тиіс.

Ташкентте өткен Ғарыш агенттіктері басшыларының 5-ші жиынында жобаның макеті таныстырылып, механизіміне қатысты ұсыныстар айтылды. Біріккен жерсерікті ауылшаруашылық, экология мен су саласында кеңінен пайдалану көзделіп отыр. 

Түркі елдері ұйымының біріккен жерсерігі біздің елде жасалып жатыр. Себебі  ғарыш саласында Қазақстанның тәжірибесі мол. Жобаға әр мемлекет өз үлесін қосады. Құрастыруға қатыспаған елдердің өзі қаржылай қолдау көрсетеді. 

Қуандық Шүленбаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:

- Жерсерігі ең алдымен ұйымға мүше мемлекеттердің құзыреттілігін арттыру үшін жасалады. Біздің «ғалам» кәсіпорыны осы жобамен қатар бағытта отандық жерсерікті жасап жатыр. Олар өте сапалы және түрлі сынақтан өтті. Экспорттық келісім аясында Моңғолия, Нигерия және Конго мемлекеттеріне спутниктер жасалды. Радиолокациялық жерсеріктер ауа райының қолайсыздығына қарамстан үздіксіз хабар тарата алады.

Ғарыш агенттіктері басшыларының жиынында болашақ жерсеріктің макеті таныстырылды. Технологиялық тұрғыдан спутник озық және ғылыми зерттеу мүмкіндіктеріне ие болуы тиіс. Бауырлас елдердің инженерлеріне үлкен жауапкерлішік артылып отыр.     

Бехруз Мирзаев, «Узкосмос» агенттігі Халықаралық байланыс бөлімінің қызметкері:

- Біз «Узкосмос» агенттігі құрылған сәттен бастап Қазақстанмен тығыз қарым қатнастамыз. Көрші елден көп нәрсе үйрендік. Қазақстанның әуеден жасалатын мониторинг жобасын терең зерттеп, өз тәжірибемізге қостық. Қазір Түркі елдері ұйымының спутник жобасына атсалысудамыз. Біздің тарап қозғалтқыш құралдарын жасауды мойнына алды.

Бауырлас мемлекеттердің біріккен спутнигі жоспар бойынша биыл ғарышқа ұшуы тиіс. Сала мамандары жерсерікті көкке көтермес бұрын тағы бір кездесу ұйымдастырып, жобаны егжей тегжей талқылауды жөн көріпті.