Кореяда шие гүлдей бастады  

Оңтүстік Кореяда шие ағаштары гүлдеп, ғажайып құбылысты тамашалау үшін қала бақтарына ағылған жандар көбейді. 

Бұл – туристер мен жергілікті тұрғындардың ең сүйікті мезгілінің бірі. Шиенің гүлденуі корей тілінде «Потккот» деп аталады. Бұл мезгіл нағыз көктемнің келгенін білдіреді. Осы уақытта ғашықтар шие ағаштарының астында жиі кездеседі. Өйткені халық арасында «егер гүл күлтесін ұстап алса, бақытты болады» деген сенім бар. Сондай-ақ осы кезде ірі қалалардағы шие бақтарында фестиваль ұйымдастырылады. Алайда таңғы шық елінде кейінгі жылдары шие ағаштары әдеттегіден ерте гүлдеп жүр. Биыл Сеулде бұл әсем құбылыс қалыпты мерзімнен 10 күнге ерте байқалған. Ғалымдар мұны жаһандық жылынумен байланыстырып отыр.