Дубайда жанармай қымбат

Еуропа тұрмақ, мұнайдың үстінде отырған араб елдерінде де бензин қымбат. Аймақтағы соғыс, одан Ормуз бұғазының жабылуы бағаны одан сайын өсірді.

Әсіресе дизель отыны бір күнде 70 пайызға шарықтап шыға келді. Сарапшылар енді артын күтуге тура келеді дейді. Өйткені геосаяси ахуал түзелмей, бағаның төмендеуі екіталай. Тіпті соғыс тоқтағанның өзінде бұл жақта жанармай арзандай қоймайды. 

Біріккен Араб Әмірліктері десе, ойға ең алдымен қара алтын оралатыны рас. Алайда мұнайға бай елде жанар-жағармай арзан болады деген түсінік қазір қате. Мұнда бензин құны ай сайын қайта қаралып, халықаралық нарыққа қарай өзгеріп отырады. Әмірліктер бір есептен бензинмен жүретін көлік қарасын азайту үшін осындай қадамға барады. Яғни мемлекет бағаны субсидия есебінен бір деңгейде ұстап тұруға еш құлықты емес. Сол себепті елде жанармай күрт қымбаттады. Баға наурыз айына қарағанда 30 пайызға өскен. Қазір жанармай құю бекеттерінде көпшілік кең тұтынатын Super 95 маркалы бензин 450, ал дизель отыны шамамен шамамен 470 теңгеден сатылып жатыр. Дегенмен сарапшылар келер айда жағдай түзелер деп үміттенеді.

Обаид Ахмед Әли Әлзааби, саяси сарапшы:

- Қазіргі баға өсімі мұнай қорының азаюы емес, геосаяси фактор мен логистика шығындарының көбеюімен байланысты болып отыр. Кейінгі жылдары араб әмірліктері жанармай құнын әлемдік нарыққа сәйкестендіріп келеді. Сондықтан ішкі баға жаһандық өзгерістерге тәуелді. Дегенмен бұл ұзақ мерзімді мәселе болмауы мүмкін. Келер айда бәрі қалпына келер деп үміттенеміз. Өйткені әлемде мұнай өндірісі артып келеді. Егер нарықтағы баға тым жоғарылайтын болса, үкімет оның шегін белгілеу жолдарын қайта қарауға тиіс.

Айта кету керек, Әмірліктерде жанармай бағасын мемлекет бақыламайды. Еркін саудаға шығарылған. Яғни елде 2015 жылдан бері нарықтық жүйе жұмыс істеп тұр. Сол себепті бағаның құбылып тұруы мұнда үйреншікті жайт.

Зеяд Эмад, жергілікті тұрғын:

- Қазіргі ахуал жанармайды қымбаттаттып жіберді . Парсы шығанағындағы басқа да елдерде де баға өсті деп естідім. Мұны уақытша құбылыс шығар деп сенгім келеді. Жағдай жақын арада тұрақталса екен деп отырмыз.

Қазір аймақта логистика, такси және қызмет көрсету салаларына қиын тиіп тұр. Ескере кететін жайт, шығанақтағы мұнай өндіруші елдер ішінде ең қымбат бензин осы Араб әмірліктеріне тиесілі. Кейінгі 3 жылда оның құны бірнеше рет өсіп, литрі 3 дирхамнан асты. Төл валютамызға шаққанда бұл – 500 теңге.

БАӘ-дегі бензин бағасы (2026 сәуір)

Super 98 - 3.61 AED

Special 95 - 3.49 AED

E-Plus - 3.42 AED

Дизель - 3.63 AED