Түркияда бензин 63 лираға көтерілді

Түркияда онсызда қымбат жанармай тағы қымбаттады. Кейінгі бір аптада бензин 700, дизель отыны 800 теңгеден сатылып жатыр.

Ал жанармайдың қымбаттауы сөзсіз өзге де тауарлардың бағасы көтеріледі деген сөз. Сарапшылар аймақта жағдай тұрақталмаса баға да ырыққа көнбей, өсе беретінін ескертеді.

Түркияда жанармай бағасы құбылып тұр. Әсіресе дизель отыны айтарлықтай қымбаттады. Көлік халықтың күнделікті аяқ артар дүниесі болғандықтан қалтаға жаппай салмақ түсті. Ресми дерекке сүйенсек, кейінгі 5 күнде дизель бағасы бірден 6 лира, шамамен 65 теңгеге көтерілді. Мысалы, Ыстамбұлда бензин 63 лира, біздіңше 685 теңге. Ал дизель отыны 800 теңгеден асады. Анкарада жанармай 700, ал дизель 825 теңге шамасында. Измирде де жағдай Анкарамен бірдей. Сарапшылар бағаның күрт өсуін бірнеше фактормен байланыстырады. Олардың айтуынша, ең алдымен Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс себеп, сосын ұлттық валюта бағамының өзгеруі әсер еткен.

Түркиядағы жанар-жағармай бағалары

Ыстамбұл – жанармай 682 тг, дизель 812 тг

Анкара – жанармай 693 тг, дизель 823 тг

Измир – жанармай 693 тг, дизель 823 тг

Дереккөз: wwwyenisafakcom  

Әли Явуз, жанармай бекетінің директоры:

- Жанар-жағармай бағасының өсуіне Ирандағы дағдарыс себеп. 28 ақпаннан бері отын қымбаттаған үстіне қымбаттап барады. Қақтығыс басталмай тұрып бензин мен дизельді 60 лирадан сатсақ, қазір 75 лираға көтердік. Билік халыққа қолдау көрсету мақсатында салықтық жүктеменің 75%-ын өзі төлеп отыр. Егер мұндай мүмкіндік жасалмаса, қазір Түркияда жанар-жағармай шамамен 120 лирадан саудаланар еді. Мұның өзі үлкен көмек. Өйткені Түркияның қара алтын үшін сыртқы нарыққа тәуелді екенін мойындау керек.

Түркияда жанармай құны бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Оған халықаралық мұнай бағасы, доллар бағамы және салықтық жүктемелердің тікелей әсері бар. Сондықтан сыртқы нарықтағы өзгеріс бірден ішкі бағаға ықпал етеді. Қазір жергілікті билік геосаяси ахуалға байланысты түрлі шараларды қолға алды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Ирандағы қақтығыс салдарынан нарықтағы құбылысты жіті бақылап отырмыз. Мұнайдың күрт қымбаттауы Түркия экономикасына да әсер етуде. Дағдарысты болдырмас үшін салықтық жүктемені азайту шараларын іске қостық. Бұл «ешел мобиль» бағдарламасы. Ол бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Түркия қара алтын бойынша сыртқы нарыққа тәуелді. Тұрғындар жанармайдың қымбаттауы азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына әсер ете ме деп алаңдайды.

Сауалнама:

- Баға күн сайын өсіп, азық-түлік қымбаттап жатыр. Мысалы, көкөніс жапырағы бірнеше күнде 120 теңгеден 250-ге жетті. Дәл сол бағаға затты қайта алу мүмкін емес.

- Анкарада халық жылына тек тасымалға 500 млрд лира шамасында шығын жұмсайды, көбінесе жанармайға. Қоғамдық көлікті дамытсақ, бұл шығынды азайтуға болар еді.

Ал сарапшылар жанармай бағасының алдағы динамикасы әлемдік нарыққа тәуелді екенін айтады. Сол себепті геосаяси шиеленіс ұзаққа созылса, жанармай құны бұдан да өсе түсуі әбден ықтимал.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков