Еуропаның энергия нарығы қысымға ұшырады
Иранмен соғыс салдарынан қымбаттап жатқан энергия бағасына төтеп беру үшін Еуроодақ батыл әрекетке көшпек.
Сарапшылардың пікірінше, әскери қақтығыс ұзаққа созылса, Еуропа 2022 жылғы энергия дағдарысын қайта бастан кешеді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Қазір Еуропада жанар-жағармайға қатысты жағдай күрделі. Кәрі құрлық бойынша жеткізілімдер тоқтап қалмағанымен, бағасы күрт өсті. Дизель отынының 1 литрі 1 күн ішінде шамамен 14 центке қымбаттады. Бензин құны да алаңдатып отыр. Бельгияда АИ-95 шамамен бес еуроцентке жоғарылады. Яғни біздің ұлттық валютаға шаққанда, бұл марканың бір литрі қазір 1100 теңгедей.
Сырттан тасымалданатын отынға тәуелді Кәрі құрлық Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулы. Өйткені Еуроодақтағы газдың бағасы 70 пайыздан астам көлемде өсіп отыр. Әзірге кәрі құрлықта мұнай мен табиғи газ жеткізу тізбегі бұзылған жоқ. Себебі Еуропа пайдалы қазбалардың басым бөлігін Таяу Шығыстан тыс аймақтардан сатып алады. Бірақ бағаның өсуі мен белгісіздік көлік жүргізушілерінің мазасын қашырды.
БЛИЦ:
- Дизель де, бензин де соғыстың кесірінен қазір өте қымбат. Жалпы, өмір сүру деңгейіміз де төмендеп кетті. Не істерімізді әзірге білмейміз. Соғыстың тезірек аяқталғанын қалаймыз.
- Баға тым жоғары, айтарлықтай өсіп кетті. Қазір жанармай көпшілікке қолжетімсіз бола бастады. Тығырықтан шығатын жол табу керек.
Сарапшылар баға 2022 жылғы энергетикалық дағдарыс кезіндегі деңгейге қайта көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. 4 жыл бұрын Украинадағы қақтығыстан кейін Еуроодақ Ресейден келетін газ импортының шамамен 45 пайызынан демде айырылған еді.
Ұлыбритания, Лондон
Навин Дас, сарапшы:
- Қоғамдық көлік, жылу және азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Бұл бизнеске де, табысқа да әсер етеді. Алдағы уақытта мұның салдары жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп, экономикалық рецессияны жақындатуы мүмкін.
Бельгия, Брюссель
Ресейден жеткізілетін энергия тасымалы тоқтағаннан кейін Еуроодақтың бірқатар төтенше шара қабылдағаны белгілі. Яғни одаққа мүше елдердің аумағында газ бағасы шектеліп, энергетикалық компаниялардың артық пайдасына салық салынды және көгілдір отынға сұраныс тежелді.
Германия, Берлин
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Ең дұрысы, бұл соғыстың мүмкіндігінше тезірек аяқталғаны. Егер ол ауқымды аймақтық қақтығысқа ұласса, бұл Германия мен Еуропа үшін COVID пандемиясы кезіндегіден немесе Украинадағы қақтығыс басталған уақыттан да ауыр салмақ болуы мүмкін.
Еуроодаққа мүше бірқатар ел жанармай құнының өсімін өз бетінше тежеуге кірісіп те кетті. Польша, Венгрия және Хорватия шекті баға енгізді. Словенияда кейбір жанармай құю станцияларындағы дүрлігуге байланысты сатып алу көлеміне уақытша шектеу қойылды. Ал Словакия дизель сатуға лимит енгізіп, шетелдік нөмірі бар көліктер үшін бағаны көтерді. Олардың бұл ісін Еурокомиссия заңсыз әрі кемсітушілік деп айыптады.
Ғалымжан Қараманұлы