Әлемдік саудаға жаңа қауіп төніп тұр

Әлемдік саудаға жаңа қауіп төніп тұр. Ормуз бұғазының әзірге ашылатын түрі көрінбейді. 

Қазір төрткүл дүниені алаңдатқан басты мәселе осы. Өйткені жаһандағы мұнайдың – 25, ал газдың 20 пайызы осы су жолы арқылы өтеді. Енді әлем экономикасына Ормуздан бөлек тағы бір қауіп төнді. Бұл – Баб әл-Мандеб бұғазы. Атауы араб тілінен «Көз жасы қақпасы» деп аударылады. Енді бұл су жолы жабылса, расымен жаһан жұртының көз жасына айналмай ма? Одан әлем экономикасына келер қауіп қандай? 

Жаһандық сауданың қарқыны тұралауы мүмкін. Тақауда Таяу Шығыстағы соғысқа Иранның одақтасы Йемендегі хуситтер қосылды. Олар әзірге тек Израильге зымыран атып жатыр. Алайда кез келген уақытта Баб әл-Мандеб бұғазын бұғаттайды деген қауіп басым қазір. Ал The Conversation басылымының дерегіне қарағанда, әлемдегі теңіз саудасының шамамен 14 пайызы дәл осы су жолы арқылы өтеді.

Ай Абулғасим, Йемен, Мысыр, Ливия және Судан бойынша Associated Press агенттігі жаңалықтар бөлімінің директоры:

- 2023 жылы қарашадан бастап, 2025 жылдың қаңтарына дейін хуситтер 100-ден аса кемеге шабуыл жасап, соның екеуін суға батырды. Қызыл теңіздегі қозғалысты шектеді. Егер хуситтер шабуылды қайта бастаса, бұл мұнай бағасы қымбаттай түседі.

Хуситтер бұғазды жапса, не болады? 

Баб әл-Мандеб бұғазы Йемен мен Африка елдері арасындағы стратегиялық теңіз өткелі. Ені – 30 шақырым. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегі бойынша, былтыр осы аралықтан күніне 4,2 миллион баррель мұнай өткен. Бұл – дүниежүзі тұтынатын энергетикалық шикізаттың 5 пайызы. Сондай-ақ Баб әл-Мандеб бұғазы – Азия мен Еуропа арасындағы ең қысқа теңіз жол. Суэц каналы ашылғаннан кейін Африканы айналып өтудің қажеті жоқ. Мәселен, бұл бағыт Араб теңізінен Нидерландқа дейін тауарды 19 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Егер бұғазды жапса, онда сапар 8 мыңдай шақырымға ұзарып, тауар бұрынғыға қарағанда 15 күнге кешігіп жетеді. «Ал бұл – уақыт жағынан да, қаржы жағынан да үлкен шығын. Оның кері әсері жаһан жұртына да тиері сөзсіз», - дейді сарапшылар. 

Номи Бар-Яаков, Таяу Шығыс бойынша сарапшы, Женева қауіпсіздік саясаты орталығының ғылыми қызметкері:

- Егер хуситтер Қызыл теңіздегі мұнай тасымалына кедергі келтірсе, онда әлемде энергетикалық дағдарыс ушыға түседі. Өйткені Ормуз бұғазы онсыз да жабық тұр. Сондықтан қазір жаһан жұрты жағдайдың шиеленісіп кетуінен қауіптенеді. АҚШ пен Иран ортақ шешімге келіп, келіссөз бастайды деп тілеп отыр.

Энергетикалық дағдарыс ушығуы мүмкін

Ормуз бұғазы жабылған соң Сауд Арабиясы мұнай тасымалдаудың балама бағытына ауысты. Қазір энергетикалық шикізатты «Шығыс-Батыс» құбыры арқылы Қызыл теңіздегі портқа жеткізеді. Бұл жүк айлағы Ирак-Иран соғысы кезінде, яғни өткен ғасырдың аяғында салынған. Сауд Арабиясы – әлемдегі ең ірі мұнай экспортаушы елдердің үштігіне кіреді. Ирандағы соғысқа дейін күніне 6 млн баррель мұнай экспорттайтын. Ал қазір тәулігіне 5 млн баррель тасымалдайды. Мұның басым бөлігін Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы Азия елдеріне жібереді. Ал Ирандағы соғыс басталғалы қара алтын 60 пайыз қымбаттап, бағасы 110 доллардан асты. «Енді хуситтер Сауд Арабиясы танкерлерінің жолын бөгесе, энергетикалық дағдарыс күшейеді», - дейді сарапшылар. 

Грегори Брю, Eurasia Group сарапшысы:

- Хуситтер соғысқа қосылғандарын жариялап, Израильге зымыран атты. Алайда қазір көпшілікті олар Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі мұнай терминалы мен «Шығыс-Батыс» мұнай құбырына тисе ме деген мәселе алаңдатады. Егер йемендік хуситтер бұғазды жапса, онда мұнай тапшылығы күніне 10 млн баррельден 13-15 млн баррельге дейін артады.

Әлем экономикасы тұрақты дамуы үшін сауда-саттық бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Бүгінде халықаралық алыс-берістің шамамен 80 пайызы теңіз жолдары арқылы жүзеге асады. Сондықтан кемелердің шығыны аз болып, порттарға жылдам жетуі өте маңызды. Ормузбен қатар, стратегиялық маңызы бар су жолдарының тағы біреуін бұғаттаса, Америка мен Израильге геосаяси қысым күшейеді. «Ал йемендік хуситтер Иранның өтініші бойынша, бұғазды жабуы бек мүмкін», - дейді сарапшылар.