Ауғанстанда тасқыннан опат болғандар артты
Ауғанстанда өткен аптада басталған тасқын мен сел салдарынан опат болған адам саны 51-ге жетті. Тағы 90-ға жуық тұрғын жарақат алды.
Табиғи апат елдің батыс, орталық және солтүстік-батыс аймағындағы 13 провинцияны жайлады. Қатты жауын-шашын екі жарым мыңнан астам ғимаратты қиратып, шамамен 337 шақырым жолды бүлдіріп кетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, суару инфрақұрылымына және жергілікті бизнеске айтарлықтай зақым келтірді. 5 мыңға жуық отбасы зардап шекті. Жалпы табиғи апаттар Ауғанстан үшін өзекті мәселе. 2024 жылы көктемгі тасқын 300-ден астам адамның өмірін қиған еді.