Дата-орталықтар қарауылға ілікті

Иран да қазір АҚШ пен Израильге есе жіберіп жатқан жоқ. Шабуылды үдетті. Кеше Дубайдағы америкалық технологиялық компания Oracle Corporation зымыран соққысына ұшырады.

Ислам революциясы сақшылар корпусы алпауыт компанияларды атқылаймыз деп ескерткен еді. Аймақта Microsoft, Apple, Google сынды тағы 15 ірі компанияға тиесілі 30 нысан бар. Иран тарапынң мәлімдеуінше бұлар тыңшылыққа қатысы болуы мүмкін.

Ал сарапшылар: «Мұндай шабуылдар әскери қақтығыстың тым өршеленіп бара жатқанын көрсетеді», - дейді. Яғни коммерциялық дата-орталықтар алғаш рет қарауылға ілігіп отыр. Парсы шығанағында Жасанды интеллект саласы бойынша ірі орталық салу үшін АҚШ-тың өзі де былтыр қыруар қаражат бөлген еді. Енді мұның шығынынан бөлек салдары қалай болады? 

Дата-орталықтар соғыс нысанына айналды

Microsoft, Google, Meta, Oracle, IBM компаниялары БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясында дата-орталықтар салуға 2020-жылдан бастап инвестиция құя бастады. Өйткені Парсы шығанағындағы елдер Еуропа мен Азияны байланыстарын стратегиялық маңызды көпір. Ал, Иран бұл корпорацияларды АҚШ пен Израильдің барлау қызметіне қатысы бар, заңды әскери нысан деп есептейді. Ирандағы әрбір террористік әрекетке жауап ретінде бір дата-орталықтан  жойылатынын мәлімдеді. Ал шабуылға ұшыраған Oracle корпорациясы Әбу-Даби, Дубай, Джидда, Рияд қалаларындағы бағдарламалауды қамтамасыз етеді, бұлтты жүйелерді басқарады. Өңірдегі цифрлық инфраққұрылымның тірегі. Жалпы Біріккен Араб Әмірліктерінде 35 деректер орталығы бар. Бұл 5 мыңға жуық жүйе жұмыс істеп тұр деген сөз. Серверлер қызметінің 1 минутқа тоқтауының өзі миллиондаған доллар шығын әкеледі. Банк, төлем жүйелері қызметтерінде іркіліс туындайды.

Джинджер Матчетт, Atlantic Council сараптамалық орталығының сарапшысы:

- Бұған дейін дата-орталықтар негізінен кибершабуылдардан қорғанатын еді. Дрон немесе зымыран тұтқиылдан соғады деп ешкім ескермеген. Сондықтан сақтандыру компаниялары, және инфрақұрылымды жоспарлаушылар мұндай қауіптерге бей-жай қарамауға тиіс.

Деректер орталығы кибершабуылдан қорғанғанымен, физикалық шабуылға төтеп бере алмайды.

Бұдан көрі әскери немесе өндірістік нысандарға жасалған шабуылдардың шығыны аз. Өйткені орталықтардағы әр жабдықтың құны миллиардтаған доллар тұрады. Мәселен, Blackwell секілді 50 мың процессоры бар бір орталықтың құны 6 млрд доллардан асады. Осыны ескерсек, америкалық компаниялар үшін бұл қып-қызыл шығын. Әрі Иран АҚШ тарапынан шабуылдар күшейсе, Сауд Арабиясы мен Әмірлік елдерінің цифрландыру бойынша аймақтық хабқа айналамыз деген жоспарын да іске алғысыз етпек. 

Лукаш Олейник, технология саласы бойынша сарапшы:

- Деректерді өңдеу орталықтары үздіксіз электр энергиясына, салқындату жүйесіне және желілік байланысқа тәуелді. Егер ирандықтар олардың салқындату жүйесін немесе электрмен жабдықтауын істен шығарса, бүкіл нысанның жұмысы тоқтайды. Қысқа мерзімді үзілістердің өзі бизнеске миллиондаған доллар шығын әкеледі.

Былтыр араб елдері жасанды интеллект пен технология саласына 155 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсады.

Оның ішінде 9,5 млрд доллары деректерді өңдеу орталықтарына бөлінді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 70%-ға көп. Былтыр АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу шығысқа сапары барысында бірқатар компания Сауд Арабиясына тиесілі  Humain стартапымен серіктестік келісімдерге қол қойып, жасанды интеллект фабрикаларын құруға келісті. Ал Біріккен Араб Әмірлігі аумағында, дәлірек Әбу-Даби қаласында ең ірі дата-орталықтар кешенін салу туралы келісімге қол қойылған еді.

Алайда бұл шараларды геосаяси тұрақсыздық тежеп тұр. Дата-орталықтар дрон шабуылдарына ұшырап, инфрақұрылымның осалдығын көрсетті. Бұл жағдай аймақтың сенімді технологиялық хаб ретіндегі әлеуетін әлсіретіп,  инвестициялық тәуекелдерді арттырып отыр.