Иранда АЭС-ке қауіп төнді

Ирандағы атом электр стансасына қауіп төнді. Соғыс басталғалы АҚШ-Израиль тарапынан Бушердегі АЭС ғимаратының аумағына 4 рет шабуыл жасалды. Кешеннің өзіне әзірге соққы тимеген.

Бірақ алда-жалда қаңғыған бір оқ Парсы шығанағын ауыр күйге ұшыратуы әбден мүмкін. Оның үстіне Росатомның өз қызметкерлерін АЭС аумағынан шығаруы және Трамптың қатқыл мәлімдемелері күдікті қоюлата түсті.

Жағдайға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік алаңдай бастады.

Реактор жүйелеріне, отын қоймаларына соққы тисе, қоршаған ортаға цезий-137 сияқты радиоактивті изотоптар тарайды. Бұл заттар ауа мен су арқылы тарап, топырақты, азық-түлікті және теңіздегі тіршілікті бүлдіреді.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бас директоры Рафаэль Гросси апат болған жағдайда, оның салдарын осылай сипаттап, бүкіл Парсы Шығанағындағы елдерге өте жоғары деңгейдегі радиация таралуы мүмкін екенін ескертті. Әрі оның зардабын адамзат өмір бақи тартуы мүмкін. Парсы шығанағындағы су таяз әрі тұйықта тұр. Егер ластанса, теңіздегі, жағалау маңындағы тіршіліктің қалпына келуі екіталай.

Алан Эйр, Таяу Шығыс институтының өкілі:

- Парсы шығанағындағы елдер тұщы су қорының тапшылығына байланысты, ауыз суды негізінен теңіз суын тұщыландыру арқылы алады. Әдетте мұндай қондырғылар радиоактивті ластағыштарды жоюға арналмаған.Теңіз суына көп мөлшерде радиоактивті заттар түскен жағдайда тұщыландыру мүмкін болмайды.

МАГАТЭ станцияны энергиямен қамтамасыз етуші инфрақұрылымға зиян келсе, салқындату жүйелері істен шығатынын ескертеді. Соның әсерінен реактор қызады. Сөйтіп тек Иран емес, көршілес елдерде де көлемді эвакуация басталуы мүмкін. Қатар премьер-министрі де, бұл "бәрімізге әсер етеді" деп мәлімдеп, су үш-ақ күн ішінде таусылып, гуманитарлық дағдарысқа әкелуі ықтимал деп ескертті.

Бушер атом электр стансасы - Ирандағы жалғыз әрі ең алғашқы ядролық нысан. Құрылысты 1975 жылы неміс компаниялары бастап, 2011 жылы Ресейдің Атом энергиясы министрлігі аяқтаған. Қазірде Бушерде жүздеген ресейлік әскери қызметкер бар. Кейінгі шабуылдардан соң 200-ге тарта РосАтом қызметкері эвакуацияланды. Ал Бушер қаласы Иранның оңтүстігінде орналасқан. 250 мыңнан астам тұрғыны бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры кейінгі шабуылға байланысты алаңдаушылық білдіріп, мұндай соққылардың медициналық салдары ауыр болатынын ескертті. Адамдар өкпе, қалқанша безінің қатерлі ісігі сынды дертке шалдығуы мүмкін.  

Атом қасіреті 

Біз тарихтан Чернобыль апатын білеміз. Бұл ғасыр қасіреті атанған жағдай. 1986 жылы атом электр станциясындағы жарылыс күші бір кездері Хиросимаға тасталған 500 атом бомбасына тең болды. Жарылыс зардабын жоюға 900 мыңдай адам жұмылдырылса, оның 32 мыңы Қазақстаннан барды.

Әлем мұндай апатпен кез келген уақытта бетпе бет келуі мүмкін. Жапонияда 15 жыл бұрын болған қатты жер сілкінісі мен цунамидің әсерінен Фукусима-1 атом электр станциясы апатқа ұшырады. Энергиямен жабдықтау құралдары мен резервтік генераторлар бүлінді.

АЭС қондырғыларын салқындататын жүйе істен шығып, үш реактордағы қызу шектен асып кетті. Қауіп күшейгендіктен, 160 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Апат болған жерден 20 шақырым қашықтықтағы аумақ әлі күнге дейін адам тұруға жарамсыз саналады.Тек туристер мен тұрғындар апат құрбандарын еске алуға барады. Ол жерге денені қорғайтын арнайы киіммен ғана баруға рұқсат етілген. 

Женева конвенциясына сәйкес, атом электр станциялары сияқты нысандар халыққа кең ауқымды зиян келтіру қаупіне байланысты шабуылдан қорғалуға тиіс.