Адам тәріздес робот жетіліп келеді
Адамзат роботты көбейтіп жатыр. Құлтемірлер қазір жай машина емес, кез келген салада көмекші әмбебап құралға айналды. Былтыр нарықта 18 мың гуманоид робот сатылды.
Оның 80%-ы Қытайдың үлесінде. Әрине адам тәрізді робот жасап жатқан тек Қытай ғана емес. Қолынан келген елдің бәрі өндірісті арттырмақ.
Сарапшылардың айтуынша алдағы 4 жылда жер бетінде гуманоидтардың саны 1 миллиардтан асады. Ал 2050 жылы 4 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Бұл көрсеткіш әлемдегі көлік санынан да көп.
Адам тәріздес робот жетіліп келеді
Адам тәріздес роботтар қазірде иненің жібіне дейін сабақтайды. Тіпті киім жинап, қоқыс төгіп, тамақ әзірлей алады. Қаласаңыз, дүкенге барып, сөреден керек-жарағын таңдап, нан болсын, су болсын не тапсырсаңыз да алып келеді. Тек оны орынды басқарып, жұмсай білу керек. Мұның сыры есепсіз сандар мен математикада. Роботтардың адамға ұқсап жүріп тұруының артында жасанды интеллект пен күрделі алгоритмдер жатыр. Мұны робот миының нейрондары десек болады. «Ал саладағы тың серпілістердің құпиясы да осы роботтың миын жетілдіру», - дейді, мамандар.
Ху Бовэнь, X Square Robot жобасының инженері:
- Қалдықтарды жинау, оны қоқысқа тастау секілді қарапайым әрекеттерді орындау арқылы роботтардың кез келген іске икемділігі артады. Жылдамдыққа үйренеді. Соның арқасында алгоритмдер жүйелі түрде жұмыс істеп, сапа да соған қарай жақсара түседі.
Қазір нарықта Қытайдың саудасы қызып тұр. Өндіріс те қарқынды. Дерек бойынша, бұл елде 140-тан астам робот шығарушы кәсіпорын бар. Олар адам бейнесіндегі роботтың 330-дан астам түрін ұсынады. Былтыр 5G технологиясының көмегімен гуманоид-роботтар ақылды зауыттарда жаппай қолданысқа енді.
Қытай-Вьетнам шекарасын робот бақылайды
Адам бейнесіндегі роботтардың қимылы ширап келеді. Қытай мен Вьетнам шекарасындағы біраз қызметті осылар атқарады.Walker S2 роботы шекарадағы адам ағынын бақылайды, тексеру және қарау рәсімдеріне қатысады. Сондай-ақ өткізу бекеттеріндегі логистикалық жұмыстарға көмектеседі. Бірақ роботтар өздігінен жүрмейді. Бұларды әзірге басқару мен бақылау адамның құзырында. Қажет жағдайда қашықтан жұмсап отыра береді. Қытай осыған дейін әуежайлар мен кеден бекеттерінде гуманоид роботтарды сынақтан өткізді. Бірақ шекарадағы жұмыс әлдеқайда күрделі. Қытай–Вьетнам шекарасындағы жоба әзірге пилоттық бастама. Сынақ сәтті өтсе, кеденде роботтар көбейеді. Бұл роботтардың бір артықшылығы аккумуляторды 3-ақ минутта өзддері ауыстыра алады. Және бұған адамның ақыл айтуы, жөн көрсетуі қажет емес. Сол себепті шекарадағы робот гуманоидтар шаршамайды. Кірпік қақпай жұмыс істей береді.
Bank of America болжамына сүйенсек, алдағы 10 жылда гуманоид-роботтардың 62%-ын, шамамен 2 миллиард роботты адамдар өзіне көмекші ретінде жалдайтын болады. Қазір нарықта құны 5 мың доллардан бастап, 1 миллион АҚШ долларына дейінгі роботтар сатылып жатыр. Жалпы, робот термині ең алғаш 1921 жылы қолданысқа енген. 1959 жылы тарихта робот-қол салмағы 75 фунттық затты көтерді. Ал 1972 жылғы робот жасанды интеллект арқылы, бейнебақылау, датчиктердің көмегімен қозғалысқа түсті. Ең бірінші сөйлейтін, адамның эмоциясын оқи алатын робот 2000 жылы жасалды.