Қытайда халықаралық CIEET білім көрмесі басталды

Бейжіңде әйгілі «China International Education Exhibition Tour» басталды. Халықаралық білім көрмесіне дүниежүзінің үздік білім ордалары барды.

Қазақстаннан 30-ға тарта жоғары оқу орны қатысып жатыр. Біздің мамандар білім беру идеяларын баяндап, өзара ынтымақтастық орнатуға ден қояды. 

Халықаралық білім көрмесіне 50-ден астам мемлекет қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы өздерінің ең, ең деген оқу орындарын алып келген. Жалпы саны 200-ден аса университет қатысуда. Биылғы іс-шараға біздің елдің атынан 27 жоғары оқу орны келді.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Қазір Қазақстан алдына үлкен стратегиялық үлкен мақсат қойып отыр. 2029 жылға 100 мыңға жуық шетелдік студенттерді Қазақстанға жоғары оқу орындарына тарту. Міне, осы көрме біз үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

Алдағы екі күнде барлығы талапкерлерді мейлінше көптеп тартып, стратегиялық позициясын нығайтуға күш салады. Білім берудегі тәжірибесі мен ғылыми әлеуетін таныстырады. Биыл Қазақстан ұсынған жоғары оқу орындардың ішінде Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университеті де бар. Білім ордасы нақты жоспарымен келген.

Ерлан Сыдықов, Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ басқарма төрағасы:

- Еуразия университетінің оқу бағдарламаларын біз экспортқа шығарып отырмыз деп есептеуіміз керек. Интеллектуалды өнімімізді біз сатып отырмыз.  Биылғы жылы бірінші курста үш жүздей Қытай азаматы қабылданды.  Тағы магистр докторанттар дайындауды да көздеп отырмыз. Сонымен бірге Нанкин аудит университетімен бірлескен қос дипломды бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Сол университеттің материалдық көмегі арқылы Еуразия ұлттық университетінің негізінде үлкен интеллектуалды лаборатория ашу көзделіп

отыр.

Халықаралық білім алаңында әр университеттің бүкіл тарихы, студент алмасу, оқуға түсу сияқты білім бағдарламалары туралы білуге болады. Оқулықтар, оқуға түсуге үгіттейтін парақшалар, тың жобалар, видео, аудио роликтің түр-түрі бар. Қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі абыройы туралы сарапшылардың пікірін білгенбіз.

Чжэнь Рунхао, Shanghai Fuzheng Білім беру компаниясы директорының орынбасары:

- Көрмеге Қазақстан университеттерінің қатысуы біз үшін үлкен мәртебе. Бәсекеге толы халықаралық іс-шарада белсенділік көрсетудің өзі көп нәрсені аңғартады. Біз өз тарапымыздан қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастыра береміз. Біздің компания Еуразия ұлттық университетімен тығыз жұмыс істеп жатыр. Дарынды студенттер мен ғалымдарға арналған бағдарламаларды дамытуға мүдделіміз.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- 35 мыңнан астам студенттер 93 мемлекеттен келіп Қазақстанда білім алып жатыр. Бүгінгі күні біздің елден Қытай жоғары оқу орындарында он мыңға жуық студенттер білім алып жатыр. Ал Қытай елінен біздің Қазақстанға келіп үш мыңнан астам студенттер білім алып жатыр. Қазіргі уақытта Азия елдерінен келетін студенттер көбеюде. Олар техникалық бағытта, педагогикалық және медициналық бағытта білім алуда.

Іс-шара аясында қатысушы елдердің білім беру ведомстволары басшыларының ресми кездесулері өтті. Сондай-ақ жоғары білім беру саласына қатысты конференция ұйымдастырылды. Қатысушы тараптар жаһандық стандарттарды қалыптастырып, халықаралық өзара іс-қимыл бағытын нақтылады. Білім беру бағдарламаларының сапалы дамуын ілгерілету жайын да сөз етті.

Сондай-ақ биыл инновациялық және кәсіпкерлік білікті кадрларды даярлауға ерекше мән берілді. Шетелде білім алушылардың құзыреттерін арттырып, жұмысқа орналасу мәселелері де көтерілді. Көрме Бейжіңде ертең де жалғасады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы