Адам 90 мың пластик бөлшегін қабылдайды

Өткен ғасырдың ортасынан бастап адамзат 9 миллиард тоннадан астам пластик өндірді. Өмірімізді жеңілдетуге арналған материал экожүйе үшін нағыз дұшпанға айналды. 

Мұнай өнімдерінің тек 9%-ы ғана қайта өңделеді. Ал қалғанын өртейді немесе олар полигондарда қалып, топырақ пен суды ластайды. Пластик із-түзсіз жоғалып кетпейді, күн, теңіз тұзы, толқындар мен механикалық үйкеліс әсерінен көптеген микробөлшектерге ыдырайды. Біз әдетте көлемі 5 миллиметрлік қоқысты ауа және тамақ арқылы жұтамыз. Мысалы, пластикалық бөтелкелерді алайық. Олар өндіруден бастап, сақтау мен тасымалдауға дейін барлық кезеңдерде микропластик бөледі. Осылайша шөлмектегі сумен бірге ағзаға жылына 90 мыңға дейін зиянды бөлшек енеді. Ал ағынды су қолданған кезде бұл көрсеткіш шамамен 4 мыңға дейін барады.

Стефан Керкхове, Agir Pour L’environnement экологиялық ұйымының бас директоры:

- Пластикалық бөтелкелерді қайта-қайта ашып-жабу сусындағы пластмасса бөлшектерінің мөлшерін едәуір арттырады. Тіпті бөтелкені қолыңызда қысып ұстау сияқты қарапайым әдет ондағы кішкентай жарықшақтарға әкеледі. Осыдан біз жұтатын пластикалық шаңның концентрациясы бірнеше есе ұлғаяды.

АҚШ

Ғалымдар мұндай зиянды бөлшектер адам ағзасында жиналса, салдары ауыр болатынын ескертеді.

Түркия  

Седат Гюндогду, Чукуров университетінің профессоры:

- Микропластиктегі химиялық заттар ағзадағы ең осал жерлерге әсер етеді. Ол нәрестелердің ми және физиология жұмысын бұзады. Репродуктивті және эндокриндік жүйелермен байланысты аурулар мен қабыну процестерінің, тіпті онкологияның даму қаупін тудырады.

Пластикалық қоқыстардан 100% құтылу мүмкін емес. Өйткені бұл материал өміріміздің барлық саласында пайдаланылады. Ол өзінің арзандығы мен беріктігінің арқасында заманауи өркениеттің іргетасына айналды. Медицина, азық-түлік қауіпсіздігі, автоөнеркәсіп болсын, бәрінде пластикті қыруар шығындарсыз өзге материалдармен алмастыру қиын. Бір қызығы, тіпті ауруханада жан сақтап қалу үшін адам полимердің белгілі бір мөлшерін қабылдауға мәжбүр.

Седат Гюндогду, Чукуров университетінің профессоры:

- Тамырішілік сарысу, антибиотик, тұз ерітінділері – мұның бәрі бір рет қолданылатын пластикалық контейнерлерде жеткізіледі. Біз осындай сұйықтықтардың бір литрінен орта есеппен 65 микропластик бөлшегін анықтадық. Бұл – синтетиканың медициналық өнімдер арқылы қан құрамына енуінің тікелей жолы.

Венесуэла

Пластмассаның қолданысы кең екенін ескере отырып, сарапшылар оның көлемін қысқарту мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Мұнай алпауыттары энергетикадағы шығындарды өтеуге тырысып, химия саласына белсенді инвестиция салуда. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметіне сенсек, 2030 жылға қарай электромобильдерге жаппай көшу мұнайға деген сұранысты тәулігіне 5 миллион баррельге төмендетеді.

Алайда шикізат басқа да өнімдерді, атап айтқанда, жуғыш заттар мен бояулар, полиэтилен пакет, қаптамалар мен пластикалық шөлмектерді өндіруде пайдалану жалғаса бермек.

Авторы: Мөлдір Жақан