Парсы шығанағы мұнайға тұншығып жатыр

Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы және Араб теңізі мұнайға тұншығып жатыр. Ирандағы соғыс басталғалы бұл аймақта 500-ден аса шикізат төгілу дерегі тіркелді. Бір тамшының өзі тұтас экожүйеге зиян келтіреді.

Ал қара дақ 20 мың шаршы шақырымға дейін жайылған. Бұл Словения, Израиль секілді елдердің аумағына тең. Алаңдатарлығы сол, мұнай суды тұщыландыру зауытына түссе, халық тіршілік нәрінсіз қалуы мүмкін. Тығырықтан шығар жол бар ма?

АҚШ-тың Иранмен соғыс бастағанына сегіз ай болды. Әлемдегі ең ірі теңіз жолы қазір ұрыс алаңы ғана емес, экологиялық апаттың ошағына айналған. Greenpeace ұйымының дерегіне сүйенсек, қарулы қақтығыс басталғалы 130-дан аса мұнай танкеріне шабуыл жасалды. Ал кемеге тиелген шикізат теңізге төгілетіні бесенеден белгілі. Ормуз қақпасының әзір ашылатын түрі көрінбейді. Сол себепті экологтар апат болған аймаққа жете алмай отыр. Әйтсе де, ғарыштан түсірілген суреттерден Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы мен Араб теңізіне ірі көлемде мұнай төгілгенін көруге болады.

Нина Ноэль, Greenpeace ұйымының сарапшысы:

- Қолдағы күнделікті мәліметке қарасақ, қара дақтың аумағы 20 мың шаршы шақырым. Бұл Ұлыбританияның Уэльс аймағының аумағына тең.  

Бірақ қара дақтың ұзындығы мен енін ғана білу жеткіліксіз. Ғалымдар: «Теңізге қанша тонна мұнай төгілгенін анықтау үшін қалыңдығына қарау қажет», - дейді.

Саймон Боксолл, Саутгемптон университетінің бас оқытушысы:

- Қиындығы сол, біз теңіздегі мұнайдың қалыңдығы қанша екенін білмейміз. Егер жұқа болса, тез таралып кетуі мүмкін. Ал қалың болса, жағажайға жетіп, теңіз түбіне шөгеді. Оны арылу үшін біраз уақыт қажет болады.

Биыл наурызда минаға түскен танкердің мұнайы Иранның Хара табиғи қорығына жеткен еді. Сәуірде қара дақ Парсы шығанағындағы Шидвар аралына дейін жайылды. Ал бұл аймаққа Африкаға қоныс аударатын жыл құстары аялдайды. Парсы шығанағының экожүйесі соғысқа дейін де кеме тасымалы, мұнай өндірісі, климат өзгерісінен зиян шеккен.  

Бернхард Ригль, теңіз биологы:

- Парсы шығанағы таяз. Сондықтан жазда суы тез қызады. Бұл маржан кедертастарының жойылып, балықтардың қырылуына әкеп соғады. Ал мұнай төгілсе, оның зардабы орасан болатынын айтпаса да түсінікті.

Иә, Парсы шығанағы елдері мұнайдың үстінде отыр. Алайда бұл аймақта тұщы су тапшы. Әсіресе Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Біріккен Араб Әмірліктерінде мәселе өткір тұр. Кейінгі жарты ғасырда мұнайдан түскен табысқа теңіз суын тұщыландыратын зауыттарды көптеп салды. Қазір бұл аймақта мұндай 450-дей нысан жұмыс істейді. Ал  теңізге төгілген мұнай бұл стансалардың әрқайсысына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.

Сухейл Әл-Мазруи, БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі:

- АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы қалай өрбитінін болжай алмаймыз. Бірақ бір нәрсені нақты айта аламын. Біз біреудің «сендерді қорғаймыз» немесе «уайымдамаңдар, сендерге соққы жасамаймыз!» деген сөзіне ғана сеніп отыра алмаймыз. Қорғанысымызды күшейтіп, бес қаруымызды сайлап дайын отыруымыз қажет. 

Айта кетейік, бұл – Парсы шығанағы тарихындағы ауызсуға төніп тұрған алғашқы қауіп емес. 1991 жылы Ирак басшысы Саддам Хусейн Кувейтке басып кіргенде, шиеленіске АҚШ әскері араласпауы үшін 8 млн баррель мұнайды әдейілеп теңізге төгіп жіберген. Мұның салдарынан жергілікті халық тіршілік нәріне жарымай қалған еді. Сөйтіп күнделікті ауызсуды іргелес жатқан елдерден тасып ішуге мәжбүр болған.

Саймон Боксолл, Саутгемптон университетінің бас оқытушысы:

- Парсы шығанағы елдері мұнай мен газға бай болғанымен, тұщы су қоры шектеулі. Сондықтан олар теңіз суын тұщыландыратын зауыттарға тәуелді. Егер мұнай зауыттың жүйесіне түссе, кешен істен шығып қалуы мүмкін. Тазалау мен жөндеу жұмыстары бірнеше аптаға созылады. Сол себепті қауіп төнген бойда стансаны тоқтатып тастау керек.

Ормуздағы шиеленіс экологияға ғана емес, экономика қарқынына да кері әсер етті. Энергетикалық дағдарыстан әлемнің біраз елін қымбатшылық жайлады.

Мұны БҰҰ-ның бас хатшысы Түркияда өтіп жатқан климат конференциясы кезінде тілге тиек етті. Сөз арасында Антониу Гутерриш мұнай компанияларын да сынап-мінеді. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы:

- Қазба отыны климат дағдарысының ушығуына ғана әкелген жоқ. Әлемнің 130 елінде жанармай 26, ал дизель отыны 38 пайызға қымбаттады. Осының зардабын қарапайым халық, кәсіпорындар мен мемлекеттер тартып отыр. Бұл арада Ормуздың жабылуы 9 мұнай компаниясына не бары 3 айда 95 млрд доллар пайда әкелді. 

БҰҰ Бас хатшысы «мұнай компанияларының шамадан тыс табысына қосымша салық салу қажет» деп санайды. Антониу Гутерриштің айтуына қарағанда, жиналған қаржыны жасыл энергияға және кедей елдерге көмек көрсетуге бағыттау керек. Жаһан жұртының төрттен үш бөлігі мұнай мен газды сырттан сатып алатын елдерде тұрады. Мәселен, қақтығыс басталғалы Еуроодақтың жанармай шығыны 100 миллиард еуродан асқан. Алайда адамзат мұнайдан бас тарту жөнінде ортақ шешімге әлі келе алмай отыр. Бір жыл бұрын Бразилияда өткен COP30 климаттық конференциясында 80-нен астам мемлекет мұнайға тәуелділікті азайтып, баламалы энергияға көшудің жаһандық жоспарын ұсынған. Бірақ кей мұнай өндіруші елдер бұл бастаманы қолдамады. «Ал Парсы шығанағындағы соғыс мұнайға тәуелділіктің адамзат үшін қаншалықты қауіпті екенін тағы бір көрсетті», - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт  

Сондай-ақ оқыңыз: