Бейбітшілікке бастаған дипломатиялық форум

Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, қақтығыстар көбейген шақта дипломатияның маңызы бұрынғыдан да арта түсті.

Осындай сын сағатта Түркияның Анталия қаласында халықаралық қауымдастықтың назарын аударған ірі алаң - дипломатиялық форум басталды. Жүздеген мемлекет өкілдері бас қосқан жиында бейбітшілік, қауіпсіздік және жаһандық тұрақтылық мәселелері талқыланады.

Форумда түркі дүниесінің бауырластығы мен стратегиялық серіктестігі де айқын көрінді. Қазақстанның аймақтағы беделі мен бітімгерлік рөлі тағы бір мәрте мойындалды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Ердоған арнайы шақырып отыр. Айта кету керек, бұндай мәртебеге ие болған Қазақстан Орталық Азиядағы жалғыз ел.

Риат Шони, тілші:

- Бір шыны шай – жай сусын емес, сенім мен қонақжайлылықтың белгісі. Бұл - Түркия дипломатиясының өзіндік стилі. Шығыс пен Батыстың тоғысындағы ел үшін тепе-теңдік сақтау - басты ұстаным. Сондықтан Анталия дипломатиялық форумы тек пікір алмасу алаңы емес, сенім қалыптастыратын кеңістікке айналған. Форумның курорттық аймақта өтуі де кездейсоқ емес: ресми қабырғалардың орнына ашық аспан мен теңіз үні. Мұндай ортада қарсы тарап қарсылас емес, әңгімелесушіге айналады. Сондықтан мұнда қақтығыстар емес, бейбітшіліктің құны айқынырақ сезіледі.

Жерорта теңізі жағалауындағы курортты аймақ – Анталия. Жыл сайын миллиондаған туристер ағылатын ең танымал бағыттардың бірі. Сондай-ақ дәстүрге сай 150-ге жуық елдің өкілі, 1,5 мыңнан астам қатысушының басын біріктіретін дипломатиялық форум өтетін жер.

Блиц:

- Қазақстан Түркия әр заманда кардаш.

- Кардаш мемлекет.

- Әлбетте бауырлар ғой.

- Кардаш, әрине. Жақсы көреміз.

Кардашым. Түркия жұрты қазақтарды осылай бауырым деп құрметтейді. Халықтар арасындағы бұндай сыйластық жоғары деңгейде де жақсы байқалады. Бұған дәлел Анталия төріндегі дипломатиялық форумға Режеп Тайип Ердоғанның Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты арнайы шақыртуы дәлел. Айта кету керек, бұндай құрметке Орталық Азия төңірегінен жалғыз Қазақстан Президенті ғана ие болған. Бұл да бір ерекше нышан. Еуразия төсінде жатқан біздің елді аймақтың көшбасшысы, ықпалды орта держава ретінде мойындаудың бір белгісі деп түсінуге болады.

Айнұр Ноғаева, «Бинали Йылдырым» университетінің профессоры, халықаралық қатынастар маманы:

- Қазақстан дипломатиялық тұрғыдан ел ретінде өзінің тәжірибесі бар. Сирия қақтығысы кезінде де бірнеше раунд Астанада жасалды. Әрине, ол кезде де Қазақстан өзін мәмілеге әкелуші емес, тек қана дипломатиялық платформа ретінде өзін ұсынған еді. Қазақстан қазір бірнеше мәселелерде өзінің бейбітшіл саясат ұстанатынын алға тартады. Әрине, осы тәжірибе қазіргі таңда, қазіргі геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта өте маңызды. Басқа елдерге әсері жақсы болады деген ойдаймын.

Әлем жік-жікке бөлініп, алпауыт елдер бақталастыққа бой алдырған заман қазір. Жер-жаһанда қарулы қақтығыстар көбейіп, геосаяси ахуал күн сайын құбылып, ушығып барады. Осындай алмағайып заманда, әрине, ең әуелі келіссөз қажет. Яғни дипломатия сөйлеуі тиіс. Себебі саяси диалогтың  үні шықпаса, зеңбіректер даусы қаттырақ естіледі.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Жалпы дипломатиялық тұрғыдан біздің сыртқы саяси стратегиямыз ең бірінші кез келген түсінбеушілікті, кез келген күрделі мәселені тек қана дипломатиялық жолмен шешуді ұстанады және ол біздің стратегиямызда айқын көрсетілген және біз осы ұстанымды берік өзімізде ұстанып келе жатырмыз. Сол себепті менің ойымша, Қазақстан орта держава ретінде, аймақтағы ірі ойыншы ретінде, ірі мемлекет ретінде аймақтағы өзінің алаңын осындай дипломатиялық келіссөздер үшін ұсына алады.

Bargaining power. Яғни Қазақстан әрдайым келіссөз күшіне сенеді және қақтығысушы тараптарды да осыған шақырады.

Бесінші рет өтіп отырған Анталия дипломатық форумының бұл жолғы тақырыбы - «Болашақты айқындау, белгісіздіктерді басқару». Украинадағы дағдарыс, Ауғанстан жағдайы, Таяу Шығыстағы ахуал. Мұның барлығы халықаралық жүйеге салмақ түсіріп, жаңа шешімдер іздеуді талап етіп отыр. Міне, осындай күрделі кезеңде орта держава ретінде Қазақстанның да үні халықаралық аренада анық естілуі керек. Себебі аймақтағы ірі мемлекет ретінде өңірдегі қауіпсіздік мәселесі мен экономикалық тұрақтылықты қамтуда біздің ел басты рөл атқарады. Анталия алаңы арқылы «бауырым» деп жанына тартқан Түркияның да әлемдік қауымдастыққа жеткізгісі келіп отырғаны осы.

Авторлары: Риат Шони. Ержан Қанапияұлы және Ділмұрад Сейдаханов