Google қылмыстың бетін ашуға көмектеседі

Тергеу жұмыстары тығырыққа тірелгенде полиция қызметкерлері бірлестіктің көмегіне жүгінеді. 

«Өйткені нақты сөздерді интернеттен кім және қашан іздегені туралы ақпарат арқылы қылмыскердің ізіне түсуге болады», - дейді сарапшылар. Алайда бұл әдістің қарсыластары да бар. Олар мұны адамдардың жеке өміріне қол сұғу деп санайды. 

Интернетте кім және қандай сөз іздегенін тексеруге болады. АҚШ-та бұл қылмыскердің ізіне түсудің тиімді әдістердің біріне айналғалы қашан. Мәселен, 2020 жылы Колорадо штатында полицейлер Google-дан өрт болған үйдің мекенжайын іздегендерді тауып, бес адамның өліміне кінәлі үш қылмыскерді ұстаған.   

Google компаниясының мәлімдемесі:

Құқық қорғау органдары сұратқан ақпарат бірден берілмейді. Компания әр өтініш заңға сай ма, жоқ па, алдымен осыны тексереді. Орынсыз болса, полицияға ешқандай ақпарат берілмейді. 

Америкалық құқық қорғаушылар тергеу жүргізудің мұндай тәсіліне қарсы. Өйткені ұқсас сөз терген кез келген адам күдікке ілінуі мүмкін. Ал Құрама Штаттар Конституциясына сай, азаматтарды себепсіз тінтуге болмайды. Сондықтан мұны адамның жеке өміріне қол сұғу деп бағалап отыр. 

Майкл Прайс, құқық қорғаушы:

- Адамның қылмысқа қатысы жоқ болса да, интернетте жай ғана бір сөзді іздегені үшін күдікке ілінуі мүмкін. Сондықтан бұл тәжірибені Конституцияға қайшы деп тану керек. 

Былтыр алты айда құқық қорғау органдары Google компаниясына 28 мың өтініш жіберген. Сондай-ақ кейінгі 10 жылда 3 млн адамға қатысты дерекке қол жеткізді. Сондықтан сарапшылар интернетте қандай да бір ақпарат іздегенде мұқият болуға кеңес береді.