Түркия Армениямен шекараны ашады

Түркия Орта дәлізді жандандыру үшін Армениямен шекараны ашуды жоспарлап отыр. Financial Times басылымы осылай деп мәлімдеді. 

Әңгіме АҚШ, Армения және Әзербайжанның қатысуымен жүзеге асатын «Трамп бағыты» жобасы жайында. Дәліз Қытай мен Еуропаны Кавказ бен Түркия арқылы байланыстырып, тауар жеткізу уақытын 12 күнге дейін қысқартады. Енді 30 жылдан астам уақыт бойы жабық тұрған Алиджан шекара бекеті ашылуы мүмкін. Анкара, әзірге, нақты мерзімді атаған жоқ. Дегенмен Түркия Ормуз бұғазы төңірегіндегі дүрбелең аясында жаңа көлік-логистика хабына айналуға ниеттеніп отыр. Тауар тасымалдау көлемі жылына 20 млн тоннаға дейін баруы мүмкін. Алайда жоба бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Соның ішінде Каспий теңізі арқылы жүзеге асатын күрделі логистика бар. Сарапшылар жаңа бағыттың іске қосылуы, Вашингтонның қолдауы мен қаржыландыруына тәуелді екенін атап өтті.