Ғалымдар Жер шарының қызуын өлшейді

Осыған дейін жаһандық жылудың қаупі тек теориялық тұрғыдан айтылып келді.

Нағыз катаклизмнің ауылы алыс көрінетін. Бірақ бұл қауіп біз күткеннен тезірек келетін тәрізді. Өйткені бұл үдерістің екпіні жылдамдай бастады.

Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп билік басына келе сала жаһандық жылынудың қаупін жоққа шығарды. Халықаралық келісімдерден шығып, біраз жобаны қаржыландыруды тоқтатты.Әлемдік бастамалардың ұйытқысы әрі негізгі атқарушы алып елдің саясаты неліктен өзгерді?

Кейінгі 10 жыл - тарихтағы ең ыстық кезең

Кейінгі он жыл, яғни 2015 пен 2025-тің арасы тарихтағы ең ыстық кезең. Дүниежүзілік метеорогиялық ұйымның мәліметі бойынша, орташа жаһандық температура  индустрияландыру кезеңіне дейінгі деңгейден 1,5 градусқа жоғарылаған. Мұны тоқтату үшін 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының таралуын 45 пайызға азайту қажет. Әйтпесе әлемді қуаңшылық пен өрт жайлап, мұздықтардың еруі мен су тасқыны сияқты табиғи апаттарға қауқарсыз боламыз. Бұл үдерістер қазір тіптен үдей түсті. Климаттың өзгеруінен тек АҚШ армиясына 15 млрд доллар шығын келген. 2023 жылы сұрапыл дауылдан екі әскер база қирады. Сол жылы Нью-Йоркте әскери академия ғимаратын су басты. Алайда Президент Трамптың экологияға бас қатырғысы жоқ. Ол тіпті климаттың өзгерісін зерттеуге бағытталған 100-ден аса бағдарламаны тоқтатып, жаһандық жылу сөзін қолданбауды бұйырған.

ЦИТАТА: Аманда Колсон Херли, Bloomberg басылымының редакторы

- АҚШ-та экологияны ең көп ластайтын бұл - әскери сала. Ал климаттың өзгеруі болашақта Пентагонға 400 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін. Сондықтан жаһандық жылу мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. 

Жасыл энергия газдан қымбат

Қазір бүкіл әлем жасыл технологияны енгізу арқылы табиғатқа келетін зиянды азайтуға ниетті. Алайда жасыл энергияға көшеміз, жерасты қазбаларын азайтамыз деп, әлем жұртының даурығуы экономикалық жағынан тиімсіз болып тұр әзірге. 

Ұлыбритания

Крис Хокнелл, компания құрылтайшысы:

- Көбі жаңартылатын энергия арзан деп ойлайды. Бірақ олар қатты қателеседі. Мәселен, бәрін қосқанда, жел энергиясының өзіндік құны табиғи газдан 50 пайыз қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан Еуропада жасыл реформаларды қолдау үшін газға көміртегі салығы енгізіледі.

2050 жылға қарай көл бетіне мұз қатпауы мүмкін

Климаттың өзгеруінен АҚШ-тың Висконси штатында қыс жылы қабақ танытып жүр. Ғалымдардың айтуынша, бұл аймақта суық күндер тіпті 1 айға қысқарған. Аяз болмағасын су айдындарында мұз толық қатпайды. Тіпті осының салдарынан қысқы балық аулауға қажетті құралдар сататын дүкендер жабылып қалған. 

Кэвин Монк, дүкен қызметкері:

- Бұл штатта көп адам кәсібін жауып тастады.  Мұз болмаған соң бизнес те жоқ. Бұрын сәуірдің басына дейін балық аулайтынбыз. Қазір ақпанда күн жыли бастайды. Жаһандық жылу дейді ғой.

Ғалымдар климат өзгерісі осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай  көлдердің бетіне мүлде мұз қатпайды деп ескертеді. Ал бұл оттегі айналымының бұзылуына, балықтар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасына кері әсер етуі мүмкін.

Ғалымдар Жер шарының қызуын өлшейді  

Ал Ұлыбритания климаттың өзгерісін қатаң бақылауға көшті. Тұманды Альбион ғалымдары ғаламшардың “қызуын өлшейтін” арнайы жер серігін құрастырды. Бұл құрылығы көкке келер жылы аттанады. Заманауи технология инфрақызыл сәулелі камералар негізінде жұмыс істейді. Ғалымдар үлкен телескопты шағын аппаратқа орнатудың жолын тапқан. Бұл жоба шығынды азайтады. Және бастысы, бұрын тек әскери мақсатта қолданылса, енді ғылыми тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік туады. 

Элизабет Сьюард, компанияның бас директоры:

- Біз дәрігерлер секілді Жер шарының қызуын өлшеп, денсаулығын тексереміз. Мәселен, ауыл шаруашылығында егін егіп,  қай жерде өнім бітік шықты. Қай жерде қурап жатқанын бақылаймыз. Қалалардағы ғимараттардың қайсысы жылуды сыртқа шығаратынын да анықтауға болады. Бұл энергияны үнемдеуге жол ашады. Су тасқыны, өрт, табиғи апат кезінде адамдардың қозғалысын анықтап, құтқаруға көмектесеміз. Яғни спутниктің қолдану аясы өте кең.

Жаһандық жылу адам қолымен жасалады. Қазіргі қоғам мұны мойындамаса, арты қатер. Өйткені табиғат бұл жолы жарасын өзі емдей алмай қалуы мүмкін.