Инклюзивті білім беру: әлемдік тәжірибе

Әлемде қазір 240 миллион ерекше бала бар. Яғни бұл жер бетіндегі әр оныншы жасөспірімнің мүмкіндігі шектеулі деген сөз. 

ЮНИСЕФ өкілдері: "Олардың 75%-і сапалы білім ала алмай отыр", - дейді. Десе де бұл мәселені жаһан елдері инклюзивті білім беру арқылы шешіп отыр. 

Канада

Инклюзивті білім беру жүйесі бойынша әлемде Канада жетекші ел саналады. Мұнда «арнайы мектеп» деген ұғым жоқтың қасы. Яғни барлық бала бір оқу бағдарламасымен оқытылады. Ешбір мектеп баланы диагнозына немесе мүмкіндігіне қарап бөлмейді. Сыныпта мұғаліммен бірге арнайы дайындықтан өткен мұғалімдер мен көмекшілер жұмыс істейді. Олар оқуда қиналған кез келген оқушыға көмектеседі. Жалпы Канада мектептерінде академиялық біліммен қатар, баланың қоғамға бейімделуіне және бір-бірімен тіл табысып, достасуына көп мән беріледі.   

Финляндия

Ал әлемде білім беру жүйесі озық саналатын Финляндияда «ешбір бала назардан тыс қалмауға тиіс» деген ұстаным бар. Балалар мектепке бармай тұрып алдын-ала тексерістен өтеді. Соған қарай қолдау көрсетіледі. Ауыр дертке шалдыққан балалар жеке бағдарлама бойынша оқытылады. Сондай-ақ диагнозына байланысты арнайы жоспар бойынша тұрақты көмек көрсетіледі. Мұғалімдер оқу бағдарламасын әр оқушының деңгейіне қарай өзгертуге құқылы.

Италия 

Италия 1970 жылы Еуропада бірінші болып арнайы мектептерді жапты. Бұл «жаппай интеграция» деп аталды. Әр инклюзивті сыныпқа арнайы дайындықтан өткен мұғалім бекітіледі. Ол сыныптағы барлық оқушылармен бірдей жұмыс істейді. Алайда мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін бөлек бағдарлама жасалады. Мұндай сынаптардағы оқушы саны 20-22 баладан аспауы керек. Бұл мұғалімнің әр балаға көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. 

АҚШ 

Ал биыл АҚШ-тың инклюзивті білім беру жүйесі кадрлық дағдарысқа тап болды. Edustaff есебіне жүммгінсек, арнайы білім беру саласындағы әр сегізінші жұмыс орны бос тұр. Бұған мемлекет бөлетін қаражаттың қысқаруы себеп. Ерекше балалардың ата-аналары тарапынан түскен арыз-талап күшейген. Кейінгі бір жылда жеке оқыту жоспарларының сақталмауына қатысты шағымдар саны 16%-ға ұлғайып отыр. Мектептер бұл олқылықтардың орнын толтыру үшінз аманауи технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізуге көшті.