Анкарада түркі мұрасы ұлықталды
Анкарада түркі елдеріне ортақ бір ғасыр бұрынғы тарихи құрылтай ұлықталды. 1926 жылы Бакуде зиялылар көтерген ортақ әліпби идеясы бүгінде өз жалғасын тапты.
100 жылдық мерейтойға орай Анкарада өткен ғылыми іс-шарада түркі академиясы осы бағыттағы жүйелі жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
1926 жылы Бакуде өткен құрылтайда әлемнің әр түкпірінен келген түркі зиялылары ортақ тіл, әліпби мен ғылыми кеңістік мәселелерін көтерген еді. Бұл жиын тарихта түркі әлемінің болашағына бағыт берген маңызды оқиға ретінде қалды. Ал қазір сол бастамалар жаңа мазмұнда қайта жаңғырып, ғылыми тұрғыда жалғасын тауып отыр. Анкарада өткен ауқымды іс-шара – соның айқын дәлелі.
Сайит Юсуф, Халықаралық Түрксой ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Бакудегі түркология құрылтайы кезінде сол замандағы қиын жағдайға қарамастан, болашақты ойлаған зиялылар бас қосып, ортақ тілде пікір алмасты. Ал бүгін сол өңірлерден келген ғалымдар қаншалықты ортақ тілде сөйлей алады? Бұл – ойландыратын мәселе. Сондықтан біз осы мақсатта бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиын – аса маңызды істің бастамасы әрі соған жасалған нақты қадам.
Іс-шарада Бакуде өткен құрылтайдың тарихын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылды. Сирек құжаттар мен фотолар арасынан қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі ерекше назар аудартты. Сонымен қатар түркі академиясы тарапынан жарық көрген ғылыми еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Мұса Қазым Арыджан, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры:
- 100 жыл бұрынғы зиялылар қабылдаған шешімдер бүгін де өзекті. Біздің міндет – сол тарихи мұраны жалғастырып, түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми, мәдени және саяси ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Болашақ ұрпақ та бұл үдерістен тыс қалмауы тиіс деп есептейміз. Осы себепті іс-шараға студенттерді де тарттық.
Бакудегі құрылтайда алғаш рет ортақ әліпбиге көшу мәселесі көтеріліп, түркі халықтары латын графикасына негізделген әліпбиге бет бұрған еді. Алайда 1930-жылдардың соңында ол саяси шешімге байланысты тоқтап, бірнеше ел кирилл әліпбиіне көшті. Кейін түркі зиялылары бастаған бағыт қайта жаңғырып, ортақ әліпби нұсқасы бекітілді. Бастама аясында былтыр қазақ пен қырғыз әдебиеті классиктерінің еңбегі оқырманға жол тартты. Енді өзге түркі елдері ақын-жазушыларының еңбегі ортақ әліпбимен басылып шығады, - дейді академия президенті Шаһин Мұстафаев.
Шаһин Мұстафаев, Түркі академиясының президенті:
- Түрік академиясы ретінде біз 2025 жылы алғаш рет ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы мен қырғыздың көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармаларын латын графикасына негізделген ортақ түркі әліпбиімен жарыққа шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта өзбек халқының көрнекті ақыны Ғафур Ғұлам шығармаларын шығару жоспарда бар.
100 жылдық мерейтойға орай іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Түркі академиясы алдағы айда Алматы қаласында барлық түркі елдерінің жетекші ғалымдарын біріктіретін халықаралық ғылыми конференция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков