Нью-Йоркте Қазақстанның қаржы күні өтті
Қаржы әлемінің астанасы саналатын Нью-Йоркте Kazakhstan Finance Day іс-шарасы өтті.
Басқосуда америкалық капиталды Қазақстан экономикасының басым секторларына тарту мәселелерін талқыланды. Жиынға Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, елші Мағжан Ілиясов, сондай-ақ KASE, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» холдингі және америкалық ірі инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Манхэттен төріндегі Ситибанк алаңы биыл тағы да қызу қарбаласқа түсті. Жыл сайын өтетін Қазақстанның қаржы күнінде бұл жолы инвесторлар еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығы, инфляциямен күрестегі жетістіктері және жаңа қаржы құралдарын талқыланды. Әсіресе Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Аумалы-төкпелі заманда әбігерге түскен инвестиция иелері үшін бұл қазір аса маңызды факторға айналған.
Дрю Гафф, Siguler Guff компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры:
- Қазақстан - қарқынды дамып келе жатқан әрі өңірдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың орталығына айналған мемлекет. Елдің географиялық орналасуы да ерекше. Бес сағаттық ұшу радиусында шамамен екі миллиард адам тұрады. Қазір америкалық стратегиялық инвесторлар тарапынан Қазақстандағы жобаларға қызығушылық артып келеді. Қажетті тұрақты саяси және құқықтық негіз алдағы ірі инвестициялық жобаларға жол ашатынына сенімдімін.
Жиналған жұрт бірегей мүмкіндікті пайдаланып, көкейтесті сұрақтарына жауап та алды. Соның ішінде цифрлық теңге мен ақылды қалаларға қатысты жобалар көп назар аудартты.
Майкл Фрумин, Accelion компаниясының президенті:
- Мені, әсіресе телекоммуникация саласының өкілі ретінде, Қазақстанның даму жолы ерекше қызықтырады. Мұны тұрақты өсім мен инфрақұрылымға жүйелі инвестиция салудың нәтижесі деп білемін. Бүгінде Қазақстан капитал нарығын қалыптастыру мен инфрақұрылымды дамытуда өзін сенімді серіктес ретінде дәлелдеген ел. Бірақ ең үлкен мүмкіндіктер әлі алда деп ойлаймын.
Екі елдің арасындағы ынтымақтастық археологиялық экспедицияларды ұйымдастыру бағытында да беки түсті. Нью-Йорктегі беделді The Explorers Club зерттеушілер клубы қазақстандық делегациямен кездесіп, елімізде филиалын ашу жоспарын қарастырды. Нил Армстронг, Баз Олдрин, Роберт Пири секілді тұлғалар мүше болған клуб зерттеу гранттарын ұсынып, ғалымдарға қолдау танытуды да назардан тыс қалдырмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама отандық ғылымның халықаралық деңгейге шығуына сеп болмақ.
Ричард Виз, The Explorers Club Президенті:
- Клубымыздың негізгі мақсаттарының бірі - әлем халықтарының ерекшеліктерін ғылым мен зерттеу салаларында да кеңінен таныту. Қазақстанда клуб бөлімшесін ашу мүмкіндігіне өте қуанып отырмын. Менің ойымша, Қазақстан ұзақ жылдар бойы ғылым мен табиғатты қорғау бағытында алдыңғы қатарда келеді. Біздің сіздерден үйренеріміз көп.
Алып шаһардағы басқосу Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығының жаңа кеңсесінің ашылуына ұласты. Күй күмбірлеп, төл дастарқаннан дәм ұсынылған іс-шараға қос елдің дипломаттарымен қатар, АҚШ-тағы қазақ диаспоасының өкілдері қатысты. Жаңа нысан азаматтарға қызмет көрсетуді жеңілдетіп, екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі дамытуға жол ашуға ниетті.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг