Түркияда кеншілер наразылығы жалғасып жатыр
Түркияда кеншілер шеруге шықты. Ескишехир қаласындағы кен орнының жүздеген жұмысшысы 12 күннен бері наразылық акциясына қатысып, кейінгі 6 күнде аштық жариялаған.
Олар Анкараға жаяу жетіп, биліктен айлап төленбеген жалақыларын талап етіп жатыр. Себебі жұмыс беруші компания уәдені үйіп-төгіп бергенімен, іске келгенде нәтиже жоқ.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкарада шахта жұмысшыларының наразылығы жалғасып жатыр. Алтыншы күн қатарынан аштық жариялаған кеншілер бірнеше айдан бері еңбекақысын ала алмай әлек. Осыған байланысты олар Ескишехир қаласынан 180 шақырым жолдыжаяу жүріп өтіп, Анкараға келді. Мақсаты – билікке талаптарын жеткізу.
Кеншілерді жұмыспен қамтып отырған компанияда 1200-ден астам адам еңбек етеді. Алайда олардың 80 пайызы күнкөрістің қамымен жұмысын тастап, басқа кәсіп іздеуге мәжбүр болған. Себебі үш айдан 8 айға дейін жалақы қарызы өтелмеген. Сонымен қатар мекеме басшылығы заңға қайшы жұмысшыларды бірнеше ай бойы ақысыз демалысқа жіберіп, жалақы да, әлеуметтік төлем де төлемеген.
Башаран Ақсу, Тәуелсіз кеншілер кәсіподағының өкілі:
- Кеншілердің бұл әрекеті тек өз құқықтарын емес, елдегі жалпы халықтың 80-90%-ының ішкі наразылығы мен әділдік іздеуінің айқын көрінісі. Кеншілер 14 күннен бері наразылық акциясын өткізіп жатыр. Соңғы 6 күнде аштық жариялап, нәр татқан жоқ. Бұл жағдай олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
12 күннен бері наразылық тоқтамаған кеншілер Түркияның Энергетика министрлігі ғимаратына дейін жетпек болған. Алайда полиция оларды қоршауға алып, алға жылжуына мүмкіндік бермеген.
Юнус Ердоған, шахтер:
- Алашағымызды алған соң, үйімізге қайтамыз. Отбасымызды, бала-шағамызды сағындық. Мәселенің тезірек шешілгенін қалаймыз. Компанияның Түркияның бірнеше өңірінде филиалдары бар. Дәл осындай мәселе басқа кен орындарында да өзекті. Егер жағдай өзгермесе, олар да наразылыққа шығуы мүмкін. Біз аш отырсақ та, талабымыз орындалмайынша бұл жерден кетпейміз.
Суреттегі кенші Хасан Ерикоғлұның баласы. Жалақының уақытылы өтелмеуінен оның отбасы да қиындық көріп отыр. Хасан сияқты басқа да жұмысшылардың жақындары оларды қолдау мақсатында акцияға бір күнге қатысып, билікке үн қатты.
Хасан Ерикоғлұ, шахтер:
- Балам сыйлық сұрады, бірақ қалтамда көк тиын жоқ. Оның қалауын орындай алмағаныма қынжыламын. Басқа емес, өз еңбегіміздің ғана ақысын талап етіп отырмыз, алайда бізді тыңдап жатқан билік жоқ. Мәселе шешілмей, бұл жерден ешқайда қимылдамаймыз.
Кеше кеншілердің есепшотына өткен жылдың маусым айына тиесілі жалақысы түскен. Алайда бұл барлық берешекті жаппайды.Жұмысшылар компаниядан барлық қарызды толық өтеуін және әлеуметтік төлемдерді қайтаруды талап етеді. Басшылық қаржылық қиындықтарды алға тартқанымен. Кеншілердің бұдан әбден көңілі қалған. Өйткені бұл – жылдар бойы күрмеуі шешілмей тұрған мәселе. Ал оның қашан реттелетіні белгісіз.
Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков