Қытайлар сәуле шашатын гүл өсірді

Қытай сәуле шашатын гүл өсіріп шығарды. Ғалымдар бұған жәндіктердің генін қолданған. Ерекше өсімдіктер қараңғыда айналаны жарық етіп, таңғажайып көрініске бөлейді.  

Алайда мұның зиянды жақтары да жоқ емес. Гүл өндірісі саласындағы тың жаңалық,.. тез таралып әлем назарын аударып отыр. Қазір көрші ел гүлдерді қала-ішілік түнгі жарықтандыру үшін қолдана бастады.

Бұл қиял-ғажайып емес, расында түнде жарық беретін гүлдер. Ғалымдар бұған гендік инженерияны қолданған. Олар жарық қоңыздары мен саңырауқұлақтардың гендерін редакциялап өсімдік жасушаларына көшірді. Бұл технология орхидея, күнбағыс, хризантема сияқты 20-дан астам өсімдік түріне қолданылып оң нәтиже берген.

Ли Жэньхань, Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің докторы:

- Өсімдіктердің генетикасын өзгерту арқылы алғашқы сынақты сәтті аяқтадық. Бірақ жарық беру мерзімі мәңгі емес. Гүлдердің өміру сүру кезеңімен байланысты. Егер өсімдік бір жылдық болса солғанда жарығы да өшеді. Қазір біз көпжылдық жарқырайтын бөлме түрлерін жасауға басымдық беріп жатырмыз.

Қытайлар қазір бұл гүлдерді саябақтарды жарықтандырып түнгі турзимді дамытуға бағыттауды ойластырып жатыр. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Бір жағынан бұл ғылыми жаңалық, әдемі көрініс, электр қуатына үнем. Бірақ кері әсері де бар. Егер жаппай егілсе өзге де өсімдіктер мутацияға ұшырауы мүмкін. Жарқырайтын гүлдердің тозаңы желмен немесе жәндіктер арқылы жабайы гүлдерге жетсе эко жүйе бұзылып, табиғи тепе-теңдік ауытқуы мүмкін.

Ли Жэньхань, Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің  докторы:

- Бұл бағытта шешімдерді аса сақтықпен және болашақ алдындағы терең жауапкершілікпен қабылдау қажет. Гендік редакциялау тәсілі ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға да мүмкіндік беретін ғылыми әдіс. Бұл өсімдіктерге тек су мен тыңайтқыш ғана керек. Олар энергияны үнемдеп, қалдықтарды азайтады. Сондай-ақ түнде энергияға тәуелділікті азайтар еді.

Сун Цзяньли, «Таорантин» саябағының жетекшісі:

- Бұл гүлдерге сұраныс өте жоғары. Бірақ олар әлі де сынақ кезеңінде. Бүгінде Хайдянь ауданындағы бірнеше арнайы технологиялық орындарда өсіп тұр. Өзіміздің  павильоннан да көргіміз келеді. Жобаға рұқсат берілсе саябаққа келушілер көбейер еді. Әсіресе түнгі уақытта.

Қазір ғалымдар эко қауіпсіздік үшін ұрықсыз стерильді түрін дамытып жатыр. Айта кету керек, Қытай соңғы жылдары гүлдер өндірісіне ерекше мән бере бастады. Салаға әлемдік деңгейдегі ғалымдарды тартып осы арқылы гүл экспортын еселеуді көздеп отыр. Қазір Юньнань провинциясы осы бағытта қарқынды жұмыс істеуде.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы