БАӘ мұнай өндірісін көбейтеді
Біріккен Араб Әмірліктері 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығады. Ұйым шеңберінде 50 жылдан астам уақытқа созылған әріптестік сонымен тоқтайды.
Енді әмірлік мұнай өндірісін ешкімнің келісімінсіз көбейтіп, өздігінен реттей алады. Билік бұл шешімді ұлттық мүдде және бюджет кірісін арттыру тұрғысынан қабылдадық деп отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Тұтас әлемге қажетті мұнайдың елеулі бөлігін өндіретін ОПЕК елдерінің қатары сирей бастады. АҚШ президенті бұған бірінші кезекте мүдделі екенін ескерсек, Ақ үй басшысының дегені орындалып жатқандай. Араб әмірліктері бұл шешімді қабылдар кезеңде қандай да бір қысымға ұшырады ма жоқ па белгісіз, әйтеуір іргелі ұйыммен ұзақ жылдық әріптестігін тоқтататын болды.
Сухейль Мохамед Әл Мазруи БАӘ Энергетика министрі:
- Ұйым құрамында болған кездерде біз көптеген шектеуге барып, ұлттық мүддемізге сай жұмыс істей алмадық. Серіктестеріміздің дамуына жол аштық десем де болады. Енді бар назарды мемлекеттік ұстанымдарға бұрып, пайдамызды еселеуге кірісеміз. Бұл – саяси шешім. Әлемде болып жатқан қазіргі және келешекте туындайтын сын-қатерлерге байланысты зерттеліп, жіті таразыланды.
Ендігі бар назар жергілікті кеніштерде. ОПЕК аясында күніне 3 млн баррель қара алтын өндіріп келген әмірлік компаниялары алдағы уақытта көрсеткішті 5 млн-ға жеткізуі мүмкін. Бұл ұсыныстың артуына әкеп соғып, бағаны құлдыратып жібере ме деген қауіп бар. Бірер күнде жағдай нақты белгілі болады. Жалпы ел билігінің мұндай батыл қадамға баруына бірнеше жайт әсер етіп отыр. Кейінгі екі айдан бері экономика салаларында кіріс азайып, бюджет қомақты табыстан қағылған. Оның орнын жауаптылар түрлі тәсілмен толықтыруға кірісті.
Обаид Әлзааби, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Біріккен Араб Әмірліктері үшін тауар тасымалына балама бағыттардың болуы – стратегиялық артықшылық. Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін бұл бізге анық аңғарыла бастады. Қазіргі геосаяси жағдайда бюджет кірісін толықтыру маңызды болып тұр. Әлбетте теңіз логистикасы арзан. Оны ештеңемен салыстыра алмаймыз. Сол себепті жағдайды одан әрі қиындатпай, су жолдарын ашу жайын да ойластыра беруіміз керек.
Бір айта кетерлігі, Біріккен Араб Әмірліктері Ормуз бұғазынан тыс мұнай тасымалдай алады. Елдің солтүстік-шығысында орналасқан Фуджейра порттары бұған кең мүмкіндік ашады. Оның үстіне, түбекті Араб теңізімен жалғайтын аралықта осы күні еш бұғат жоқ. «Дегенмен бизнес үшін бұл бағыт үйреншікті емес. Кен орындарынан алыс әрі шығыны көп», - дейді мамандар. Еске салайық, Араб әмірліктері 1967 жылдан бері ОПЕК құрамында еді. Қара алтын өндіру қуаты қазіргіден әлдеқайда көп болғанына қарамастан, тәуліктік деңгейді белгілі бір квотадан асырмай келген. Енді сол шектеу толық жойылады.
Авторы: Рауан Мыңбай