Әлемде блогерлердің кірісін бақылау күшейді

Қазір әлем елдері де инфлюенсерлердің табысын заңдастырып, оларға бақылауды күшейтіп жатыр. Өйткені жаһан бойынша қалтасы қалыңдай сала кірісін жасыратын медиа өкілі көбейген.

Шетелдерде бұл сала қалай реттеледі? Салықтан жалтарғандарға жаза қандай?

АҚШ-та блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысын Салық қызметі арқылы декларациялайды. Америкалық контент-мейкерлер жарнамадан, демеушілік келісімшарттар немесе серіктестік бағдарламалардан түскен табысын толық көрсетуге міндетті. Құрама штаттарда федералдық салық мөлшерлемесі кіріс көлеміне қарай өсіп отырады. Жеке тұлғаларға алым мөлшері 10 мен 37 пайыз аралығында болады.

Қытай билігі цифрлық контент жасаушыларға қатысты салық ережесін күшейтті. Елде төлем мөлшері блогерлердің табысына қарай 3 пайыздан 45 пайызға дейін жетуі мүмкін. Салықтан жалтаруға жол бермеу мақсатында жергілікті билік блогерлер мен стримерлердің кірісін жіті бақылап отырады. Қаржы аударымдарын көру үшін құзырлы органдар  Big Data мен автоматтандырылған жүйелерді қолданады. Табысын жасырған адам бірден жауапқа тартылады. 2021 жылы танымал стример Хуан Вэй салықтан жалтарғаны үшін $210 миллион айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Кейін жеке аккаунттары бұғатталды.

Германияда блогерлер мен инфлюенсерлердің қызметі бизнес саласы ретінде қарастырылады. Сәйкесінше әлеуметтік желі арқылы табыс табатын азаматтар кірістерін тіркеп, салық төлеуі тиіс. Бұл процесті жергілікті қаржы органдары қадағалайды. Ел заңнамасына сәйкес, блогерлер түскен табыстың барлығын декларациялауға міндетті. Сондай-ақ кіріс белгілі бір деңгейден асқан жағдайда, қосымша құн салығын төлеу талап етіледі.

Оңтүстік Кореяда да блогерлердің табысы мемлекет назарында. Ел билігі цифрлық бағыттардан түсетін кіріске бақылауды күшейткен. Әсіресе қомақты табыс табатын инфлюенсерлерге қатысты тексеріс жиіледі. Кейінгі жылдары салық органдары жүздеген танымал блогерге аудит жүргізген. Нәтижесінде жасырын кірістер анықталып, кейбір инфлюенсерлерге ірі көлемде айыппұл салынды.

Авторлары: Нұрбике Жігер