Эверестке қайта жол ашылды
Әлемдегі ең биік тау Эверестке қайта жол ашылды.
2 апта бұрын аумағы 30 метрлік алып мұздық құлап, біраз жерді бөгеп тастаған еді. Ал дәл осы мезгіл, яғни сәуір мен мамыр альпинистер үшін ең қолайлы кезең. Бұл уақытта шың басындағы ызғырық жел сәл де болса саябырсиды. Қазір жолда жауып тастаған мұздықтың бір бөлігі жарты айдың ішінде еріп, басқа бөлігі шетке қарай ығысып кеткен. Қалған мұзды Непалда шыңға шығудың шеберлері деп саналатын жергілікті "Шерпа" қауымының өкілдері тазартты. Олар 800 жыл бұрын Тибеттен осы Непалға қоныс аударғандар. Шерпалар үшін Эверестке мініп түсу үйреншікті іс әрі тұрақты табыс көзі.
Анг Тшеринг Лама, жолбасшы:
"6060 метрдегі лагерьде әртүрлі елден келген жүздеген альпинист 2 апта бойы қамалып қалды. Енді жол ашылды. Бірақ біз асықпаймыз. Бұл тауда асығуға болмайды. Эверест асығыстықты көтермейді. Бәрін байыппен істеу керек".