Иран Біріккен Араб Әмірліктеріне шабуыл жасады
Таяу Шығыста қақтығыс қайта басталды. Иран Біріккен Араб Әмірліктеріне әуеден соққы жасады.
Экспортқа мұнай таситын танкер мен ірі кеніш өртенді. Жараланғандар бар. Елде білім беру орындары жаппай қашықтан оқуға көшті. Тұрғындарға қауіпсіз жерде болу керегі ескертілді.
Ресми Абу Даби ислам мемлекетінің әрекетін қатаң айыптап, жауап болатынын мәлімдеді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушыққан сайын араб елдерінің қақтығысқа тікелей қатысу қаупі жоғарылап барады. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері бұған бір табан жақын тұр. Кейінгі тәулікте елде бірнеше рет дабыл қағылып, тұрғындар алаңдап қалды. Иран араб жеріндегі азаматтық нысандар мен инфрақұрылымға соққы жасады. Фуджейрадағы мұнай кеніші өртеніп, үш адам зардап шекті. Ормуз бұғазынан өтпек болған әмірлік танкері шабуылға ұшырады. Оңтүстік Кореяға тиесілі тағы бір кеме отқа оранды. Ал Абу Даби, Дубай және Шарджада кейінгі 4 аптадан бері алғаш рет әуе қорғаныс жүйесі ұрыс жағдайына келтірілді. Сөйтіп бір ғана тәулікте 20-ға жуық зымыран және дрон жойылды. Елдің Сыртқы істер министрлігі ахуалды қоғамға аса қауіпті деп бағалап отыр. Сол себепті балабақшаны, мектеп пен университтегі оқуды жаппай онлайнға көшіріп үлгерді. Осы күні билік қарымта жауап қайтаратынын нығарлап, дипломатиялық желілер арқылы Тегеранды райынан қайтаруға талпынып жатыр.
Жалпы кешегі шабуылдар кезінде Дубайда халықаралық рейстер уақытылы орындалмады. Кей ұшақтар Оман астанасына қонып, енді бірі Сауд Арабиясына бет алды. Дегенмен әуежайлар жұмыс істеп тұр. Осы тұста Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан мәліметті де ескере кеткен жөн.
Ресми Тегеран Араб әмірліктеріне соққы беру еш жоспарда болмағанын айтып, басын даудан өз бетінше арашалағандай мәлімдеме жасады. Алайда ахуалдың не үшін күрт ушыққанын дөп басып айтпады. Қазір АҚШ пен Израиль Иранға соққы беруге қамданып жатқандай. Өйткені өңірде америкалық жанармай тасушы ұшақтар қарасы көбейген.
Авторы: Рауан Мыңбай