Д. Трамп: Қытай – біздің бәсекелесіміз

АҚШ Қытайға қолқа салды. Ормуз бұғазындағы жағдайды жалғыз реттей алмаған соң, Бейжіңнің араласуын сұрады.

«Бұған Қытайдың өзі де мүдделі» дейді Құрама Штаттардың Қаржы министрі Скотт Бессент. Өйткені бұл ел мұнай мен газдың үштен бірін дәл осы су жолы арқылы жеткізеді. Оның үстіне Иран мен Қытайдың дипломатиялық байланысы мықты. Сол үшін де Бейжің Тегеранды иліктерді деген үмітте. Бұл мәселе тақауда Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесуінде тақыға түсуі керек.

Алайда бұл кездесудің өзі күмәнді. Өйткені бұған дейін де бір рет шегерілген еді. Әрине Трамп Иранды жеңіп, Си Цзиньпиннің алдына басын тік көтеріп барғысы-ақ келеді. Алайда әзірге жағдай осы. «Бұл кездесуде Қытайдың салмағы басымырақ болады», - дейді сарапшылар.

Д. Трамп: Қытай – біздің бәсекелесіміз

Ақ үйдің хабарлауынша, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин 14-15-ші мамырда кездеседі. Ирандағы соғыс келіссөздер жоспарын түбегейлі өзгертті. Енді басты назарда Таяу Шығыстағы қақтығыс пен Ормуз бұғазының жайы болмақ. «Бейжің бұл саммитті Вашингтонмен тұрақты әрі ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік ретінде пайдалануға ниетті». Батыстың ақпарат құралдары осылай дейді. Ал Трамп өз сөзінде «АҚШ өзінің басты бақталасы Қытайдан көш ілгері екенін» баса айтты.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- 11 айда АҚШ экономикасына 18 трлн доллар инвестиция құйылды. Елімізде автозауыттар, жасанды интеллект саласында кәсіпорындар салынып жатыр. Біз жасанды интеллект бойынша Қытайдан озып барамыз. Құрама Штаттар көш басында. Мемлекеттер арасындағы бәсекелестік достық қарым-қатынасқа негізделген. Си мырзамен кездесуді асыға күтудемін. Бұл шын мәнінде өте маңызды сапар болады.

Трамп Иранды тез арада жеңіп, мұны Бейжіңмен келіссөздерде саяси артықшылық ретінде пайдаланғысы келді» дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, АҚШ президенті Ирандағы соғыс ұзаққа созылатынын күтпесе керек. Ойлағаны іске аспаған соң, сапарын шегеруге мәжбүр болды. Есесіне бұл соғыстан Қытай пайда көріп отыр. 

У Синьбо, ҚХР СІМ Сыртқы саясат бойынша консультативтік комитетінің мүшесі:

- Соғыс енді басталған кезде біз қатты алаңдадық. Мәселе Таяу Шығыстағы мұнай және іскерлік мүдделерімізде ғана емес. Ол әлдеқайда тереңде жатыр. Егер Иран бұл соғысқа төтеп бере алмағанда, батысшыл режим пайда болар еді. Бұл Қытай үшін тиімсіз. Ал қазіргі жағдай шын мәнінде Қытайдың қолайына жағып тұр.

АҚШ Қытайға қолқа салды

Иранның АҚШ-пен келіссөздер үстеліне отыруына қытайлық шенеуніктер де атсалысты. Қытай мен Иран тығыз экономикалық және дипломатиялық байланыста. Сондықтан Бейжің Тегеранға белгілі бір деңгейде ықпал ете алады. Шығыстағы көршіміз аймақта тұрақтылықтың орнауына мүдделі. Вашингтон мұны жақсы түсінеді. Өйткені Қытайға мұнай мен газдың үштен бірі Ормуз бұғазы арқылы жеткізіледі. Ал Ираннан экспортталатын қара алтынның 90 пайызы Қытайға тиесілі. Осы себепті Құрама Штаттардың Қаржы министрі Скотт Бессент Бейжің Тегеранды Ормуз бұғазын ашуға көндіруге тиіс деп санайды.

Скотт Бессентт, АҚШ Қаржы министрі:

- Серіктестеріміз Иранға қысымды күшейтсе, жақсы болар еді. Қытайдың дипломатиялық күш-жігерді арттырып, ирандықтарды бұғаздағы кеме қатынасын қалпына келтіруге көндіргенін қалаймыз. Бұл мәселені алдағы уақытта президент Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге талқылайды.

Иран Ормуз бұғазын наурыз айының басында жапты. Соғысқа дейін су жолы арқылы күн сайын 120-140 кеме өтсе, бүгінде олардың саны онға да жетпейді. Иран кеме қатынасын АҚШ, Израиль және олардың одақтастары үшін толығымен шектеді. Алайда Қытай, Үндістан, Түркия, Пәкістан, Ирак сынды бірқатар мемлекетке тиесілі кейбір кемелерге бұғаз арқылы жүруге рұқсат берді. Осы мүмкіндікті ең көп пайдаланған ел – Қытай. Екі ай ішінде ондаған қытайлық кеме Ормуздан кедергісіз өтті.

Қытай АҚШ-қа ескерту жасады  

Қос держава басшыларының кездесуінде талқыланатын тағы бір маңызды тақырып – Тайвань мәселесі. Таяуда Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио телефон ақылы сөйлесті. Әңгіме барысында Ван И Тайвань мәселесі Қытай-Америка қарым-қатынасындағы ең үлкен тәуекел деп бағалады. «Америка дұрыс таңдау жасауға тиіс», - деді ол. Өйткені Құрама Штаттар «Біртұтас Қытай» саясатын ресми мойындағанымен, Тайваньға әскери көмек көрсетуді жалғастырып келеді. Былтыр жыл соңында Вашингтон Тайбэйге 11 млрд доллар көлемінде қару сатты.

Қысқасы, Қытайға да оңай тимей тұр. Былай тартсаң, арба сынады. Олай тартсаң, өгіз өледі. Дегенмен әліптің артын бағып дау-шарға араласа қоймайды. Бір есептен сонысымен ұтады. Бейжің барлық тараппен барынша дипломатиялық қарым--қатынасты да сақтап отыр. Сыртқы саясатта Құрама Штаттармен де байланысқа басымдық береді. АҚШ-тың да әлем экономикасындағы кедергіні азайтып, монополияны  шектеуге қатысты әрекеттері құптарлық. Алайда Иран соғысы абырой әпермеді. Сондықтан әлемдегі алас-күлестің күрмеуі екі держава басшыларының алдағы кездесуінде шешіле қоймаса да, көп ел осы диалогтан жақсылықтың бір ұшқыны білінер деп үміттеніп отыр.