БАҚ: БАӘ Иранға соққы жасады
Біріккен Араб Әмірліктері Иранға бірнеше мәрте қарымта соққы жасаған. Бұл жайында The Wall street Journal-ы жазды.
Соққының бірі Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына дөп тиген және оның жартысы өртеніп кеткен. Алайда ресми Абу Даби бұл жайтты растап не жоққа шығарғысы келмейді. Әйтсе де ол жайында ақпарат құралдары жаппай жазды. Ал Араб жеріндегі қазіргі ахуал қандай?
Шығанақтағы араб елдері үшін биылғы көктем көңіл көтеріп, қабақ жадыратар кезең болмай тұр. Бірде шабуыл, бірде дабыл – аймақтағы беймазалық азайған жоқ. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы текетірестің таяу арада тоқтайтын түрі байқалмайды. Бұл алыс-тартыс өңір қауіпсіздігіне терең сызат түсіріп барады.
Араб елдерінде АҚШ әуе базалары бұрыннан бар. Иран негізгі соққыны осы әскери нысандарға жасаған. “Gulf Research” орталығы соғыс басталғалы бері Ислам сақшылар корпусының бұл жаққа қарай жалпы есебі 7 мыңға жуық зымыран атып, дрон ұшырғанын хабарлады. Ұйым мәліметіне сүйенсек, толассыз шабуылдар туризм саласына кері әсер етіп, бюджет кірісін азайтқан. Сарапшылар тұтас шығанақтың беделіне нұқсан келді дейді.
Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- Ал араб елдері ауқымды соғысқа араласуды қаламайды. Біз үшін тұрақтылықты сақтау, экономиканы дамыту және ұлттық жобаларды жүзеге асыру басты басымдық болып қала бермек. Сондықтан шығанақтағы мемлекеттердің көбі шиеленісті ушықтырмай, жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге мүдделі. Иран бұрын тек теориялық негізде қауіп тудыратын болса, қазір сол ниетін нақты іс жүзінде көрсетіп жатқан тарапқа айналды.
Әмірліктер өз кезегінде Иран тарапынан жасалған әуе шабуылдарын лаңкестік деп сипаттады. Ресми Абу Даби бастапқыда-ақ қарымта жауап болатынын ескерткен. Батыс басылымдары бұл елдің қақтығысқа жанама түрде араласуы мүмкін екенін де жазған. Сол долбар кейін растала түсті. Мәліметтерге қарағанда, араб әмірліктері жойғыш ұшақтар арқылы Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытын нысанаға алып, бір бөлігіне зақым келтірген. 1 ай бойы бұл жайт еш жерде жария етілмеді.
Обаид Әлзааби, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Шығанақ аймағы қай кезде де қауіпсіз болған еді. Қазір жағдай өзгерді. Енді қашан бейбітшілік орнайтыны белгісіз. Шиеленіс өңірдегі көптеген мемлекетті қамтыды. Барлығын толықтай қанағаттандыратвн бітімге әлі қол жеткізген жоқпыз. Біріккен Араб Әмірліктерінің Иранға қатысты ұстанымына келсек, арадағы қарым- қатынасқа үлкен сызат түсті. Олар азаматтық нысандарды атқылады. Қаншама жыл бойы еліміздің дамуы жолындағы жетістіктерге зиян келді. Сол себепті өңір мемлекеттерінің Иранды нақты қатер ретінде қарастыруы заңдылық дер едім.
Қазір Дубай мен Абу Дабиде ахуал біршама тұрақты. Соңғы рет елде әуе шабуылдарына қатысты дабыл осыдан 4-5 күн бұрын қағылған болатын. Солай дегенмен өңірдегі қауіп толық сейілді деуге келмейді. Шығанақ елдері қақтығыс кез келген сәтте қайта ушығып кете ме деп алаңдайды.
Авторы: Рауан Мыңбай