Еуропада тағы бір круиздік кеме оқшауланды: Норовирус өршіді

Фото: The Insider

Франция билігі елдің оңтүстік-батысындағы Бордо қаласында Ambition экспедициялық лайнерінде болған 1700-ден астам адамды оқшаулады. Бұған жедел ішек инфекциясының ықтимал өршуі себеп болған, деп хабарлайды «24KZ» Франциядағы меншікті тілші Айдана Карибжанова.
Белгілі болғандай, британдық компанияға тиесілі кеме Брест қаласынан Бордо портына сәрсенбіге қараған түні келген. Кеме бортында барлығы 1187 жолаушы, негізінен Ұлыбритания мен Ирландия азаматтары, сондай-ақ 514 экипаж мүшесі бар.
Санитарлық қызметтердің мәліметінше, 92 жастағы бір жолаушы портқа жетпей тұрып қайтыс болған. Алайда оның өлімі ішек вирусымен байланысты ма, жоқ па — әзірге анықталып жатыр.
Соңғы екі күнде Ливерпульден жолаушылар мінгеннен кейін шамамен 50 адам құсу мен іш өту белгілеріне шағымданған. Ал аурудың шарықтау шегі 11 мамыр күні, лайнер Брест жағалауында болған кезде тіркелген. Бұл ақпаратты кеме операторы BBC редакциясына растаған.

«Ambition кемесінің бортындағы кейбір жолаушылар мен экипаж мүшелерінде асқазан-ішек ауруына тән белгілер байқалды немесе әлі де байқалып отыр. Ауру туралы алғашқы хабарламалардан кейін кемеде қоғамдық денсаулық сақтау талаптарына сәйкес санитарлық және алдын алу шаралары күшейтілді», – деп мәлімдеді Ambassador Cruise Line компаниясы.

Нұсқалардың біріне сәйкес, симптомдарға норовирус қоздырған жедел ішек инфекциясы себеп болуы мүмкін. Норовирус — энтеровирустардың бір түрі. Алайда алғашқы талдаулар бұл болжамды растаған жоқ.

Жаңа Аквитания өңірлік денсаулық сақтау агенттігінің мәліметінше, жағдайды бағалау және сынамалар алу үшін лайнерге дәрігерлер тобы жіберілген. Зерттеулер Бордо қаласындағы инфекциялық аурухана базасында жүргізілуде.
Дәрігерлер тағамнан улану мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Лайнер 6 мамыр күні Шетланд аралдарынан шығып, Белфаст, Ливерпуль және Брест қалаларына тоқтаған. Кейін Испанияға бет алуы тиіс болған, алайда қазір белгісіз мерзімге дейін портта қалып отыр.
Француз билігі мен дәрігерлері бұл жағдайдың Хантавирус індетімен еш байланысы жоқ екенін атап өтті. Еске салайық, бұған дейін Hondius лайнерінде хантавирус өршіп, үш адамның өмірін қиған болатын.

Расталған диагнозы бар жолаушылардың бірі — Франция азаматы — қазір Bichat Hospital инфекциялық клиникасында ем қабылдап жатыр. Сәрсенбі күні таңертең оның жағдайы ауыр екені және жасанды өкпе аппараты арқылы ем алып жатқаны белгілі болды.
Сонымен қатар, лайнердегі тағы төрт француз жолаушысының талдаулары хантавирусты растамаған. Соған қарамастан, олар әлі де ауруханадағы карантинде қалып отыр.

Айдана Карибжанова, Руслан Өміржан, 24KZ, Франция, Париж.