БҰҰ Америкадан 1,8 миллиард доллар алады

Фото: БҰҰ Нью-Йорктегі ғимараты

АҚШ Біріккен ұлттыр ұйымының гуманитарлық жобаларына 1,8 миллиард доллар бөледі. Бұл туралы АҚШ-тың ұйым жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц  мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ» news.un.org сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл шешім БҰҰ-ның қаржылық қиындықтарына байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта ұйым кейбір елдердің мүшелік жарналарды уақытында төлемеуінен бюджет тапшылығын бастан өткеріп отыр. Сонымен қатар, АҚШ ұйымның ең ірі доноры болғанымен, оның да төленбеген жарналары бар.

«Біз гуманитарлық қаржыландыруға қосымша 1,8 миллиард доллар бөлінетінін қуана хабарлаймыз», — деді Уолтц журналистерге арналған брифингте.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш  бұл шешімді құптады. 
БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы таратқан мәлімдемеге сәйкес, бұл міндеттеме гуманитарлық ұйымдарға өткір дағдарыс жағдайындағы миллиондаған адамға аса қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер  де Бас хатшының мәлімдемесін қолдап, АҚШ-тың жаңа жарнасы жаһандық қажеттіліктер күрт өсіп, ал қаржыландыру қысқарып жатқан кезеңде бөлініп отырғанын атап өтті.

«Бұл қолдау миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі», – деді ол.

Флетчердің айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында жарияланған АҚШ-тың екі миллиард доллар көлеміндегі жарнасы «өте үлкен қысымға түскен жүйені тұрақтандырды». БҰҰ жедел әрекет етіп, 1,68 миллиард долларды 18 дағдарыс аймағындағы 22 миллион адамға «нақты қажеттіліктерге негізделген көмек» көрсетуге бағыттаған.

Сондай-ақ, Том Флетчер гуманитарлық қызметкерлер бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болып отырғанын атап өтті.

«Бұл – гуманитарлық қауымдастық үшін өте ауыр кезең», – деді ол.

Сондай-ақ,  ол гуманитарлық ұйым қызметкерлеріне жасалатын шабуылдардың жиілеп кеткенін еске салды.

«Соған қарамастан, біз ең қиын жағдайлардың өзінде көмекті жеткізе алатынымызды дәлелдедік», – деп қосты Флетчер.