Си Цзиньпин Дональд Трамптың қай тұзаққа түсіп қалмауын ескертті?
Бейжіңде АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің екі күндік кездесуі аяқталды.
Сарапшылар бұл сапарды қос алпауыт мемлекет арасындағы «экономикалық ымыра мен геосаяси текетірес саммиті» деп бағалады. Тараптар экономикалық келісімдерге қол қойып, сауда соғысын біршама бәсеңдеткендей болды. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Тайвань мәселесіне қатысты екі жақты ортақ мәміле әлі де бұлыңғыр.
Әдеттегі жұлқылаусыз 14 секундқа созылған қол алысу, төбедегі әлденеге қызыққан Марко Рубио, құпия бақтағы серуен, раушан гүлінің тұқымдарын сыйлағысы келген Си Цзиньпин, телефонымен контент түсіріп жүрген Илон Маск.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұның бәрі Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінен желіге тарап, әжептәуір қаралым жинаған кадрлар. Әсіресе сол Тесланың иесімен қатар барған 17 жетекші компания басшысы осы жолғы АҚШ президенті делегациясының салмағын асырып тұрды.
Apple, NVIDIA, Meta, Qualcomm, Visa, Mastercard, Boeing және өзге де алпауыттардың басшылары төбе көрсетті.
Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы
«Құрметті Президент Трамп, Бейжіңде жүздескенімізге қуаныштымын. Бұл сіздің Қытайға тоғыз жылдан бергі алғашқы сапарыңыз. Бүгінгі кездесуімізге бүкіл әлем көз тігіп отыр. Қытай мен АҚШ «Фукидид тұзағынан» өтіп, ірі державалар байланысының жаңа үлгісін қалыптастыра ала ма? Сын-қатерлерге бірге төтеп беріп, тұрақтылықты сақтай аламыз ба? Бұл ірі мемлекет басшылары ретінде бірлесіп жауап берілуі тиіс басты сауалдарымыз».
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Қытай басшысы тілге тиек еткен «Фукидид тұзағы» деген терминді гарвардтық саясаттанушы Грэһэм Алисон енгізген. Мағынасы: әлемді басқарып тұрған алпауыт мемлекет пен оның орнын басқысы келетін жаңа державаның арасында еріксіз соғыс қаупінің туындауы. Тарихта осындай 16 жағдайдың 12-сі қақтығысқа ұласқан.
Соны болдырмаудың жолын іздеген қос басшы екі күн ішінде экономикалық ынтымақтастық, Украина, Иран, Тайвань, ядролық қарусыздану сынды тақырыптарды талқылады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
«Бұл керемет сапар болды деп ойлаймын. Екі елге де тиімді сауда келісімдерін жасастық. Мен Президент Сиді қатты құрметтеймін. Бір-бірімізді көп жылдан бері жақсы білеміз. Өзгелердің қолынан келмеген талай күрделі мәселені шештік. Бұл жолғы кездесуде көп мәселені талқыладық. оның ішінде Иран мәселесі де бар.
Кездесулер нәтижесі бойынша Қытай АҚШ-тың Boeing компаниясынан 200 ұшақ сатып алатын болды. Және алдағы үш жылда миллиардтаған долларға АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде сиыр еті мен сояны импорттауға келісті. Сондай-ақ қос ел келешекте жасанды интеллект қауіпсіздігі бойынша келіссөз жүргізуді көздеп отыр. Дегенмен, сарапшылар ауқымды жиыннан бұдан да ірірек нәтиже күткен еді.
Райан Хасс, Брукингс институты қытай орталығының директоры:
«Трамптың 2017 жылғы сапарымен салыстырғанда бұл жолы ірі инвестициялар бекітілген жоқ және екі жақты қол қою рәсімдері өтпеді. Саммитте екі лидер екі түрлі деңгейде әрекет етті: Си Цзиньпин ұзақ мерзімді байланыстар жүйесін құруды көздесе, Трамп тек бүгінгі күннің өткір мәселелеріне — Иран дағдарысы мен американдық жұмысшыларға пайда әкелетін жедел коммерциялық мәмілелерге ғана назар аударды».
Ердана Ержанұлы, тілші:
Алда Дональд Трамп пен Си Цзиньпин тағы үш рет кездесуі мүмкін. Қыркүйектің соңында Қытай басшысы Ақ үйге келуді жоспарлап отыр. Ал АҚШ президенті қарашаның ортасында Азия Тынық мұхиты экономикалық саммитіне қатысу үшін тағы да Қытайға баруы ықтимал екенін айтты. Артынша жыл соңында бейжіңдік әріптесін Майамидегі Үлкен жиырмалық жиынында қонақ етпек.
Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг