Бельгияда зейнетақы реформасына наразылық күшейді

Бельгияда зейнетақы реформасына деген наразылық күшейіп барады.

Өткен жылдан бастап елде зейнет демалысына шығу жасы 65-тен 66-ға көтерілді. Ал 4 жылдан кейін оны 67 жасқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Билік мұны халықтың қартаюымен, зейнеткерлер санының көбеюімен және бюджетке түсетін салмақтың артуымен түсіндіреді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Бельгияда зейнетақы жалақыдан ұсталатын әлеуметтік жарналардан жинақталады. Оның көлемі еңбек өтіліне және табысқа байланысты. Қызметкерлеріне өз есебінен қосымша зейнетақы төлейтін компаниялар да бар. 

Соңғы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, он бельгиялықтың тоғызы бейнетінің зейнетін ертерек көргісі келетінін айтқан. Кәсіподақтар да бұл реформаны әділетсіз деп санайды. Мамандар биліктің бұл бастамасы сағаты аз адамдар мен әйелдерге тіпті тиімсіз деп есептейді. Себебі олар еңбек жолында жиі үзіліс жасағандықтан алатын зейнетақысы да сәйкесінше аз болады.

Флоранс Лепуавр, Бельгия жалпы еңбек федерациясы Брюссель бөлімшесінің бас хатшысы:

- Қазіргі саясат кедейшілік туғызып, әлеуметтік жағынан қорғалмағандардың санын арттыруда. Халық жұмыссыздық бойынша жәрдемақыдан айырылып жатыр. Болашақта зейнетақылары да кемуі мүмкін. Біз үкіметтен мәселені қайта қарауды талап етеміз.

Ал үкіметтегілердің пікірінше, реформасыз бюджеттің күні қараң. Билік халықтың еңбек нарығында ұзақ жүре тұрғанын қалап отыр. Олардың айтуынша, жаңа реформа зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, мемлекеттік қаржыға түсетін салмақты азайтады.

Ян Жамбон, Бельгия қаржы және зейнетақы министрі:

- Өмір ұзақтығы ұлғайып жатыр. Ал бір зейнеткерге шаққандағы жұмыс істейтін адам саны азайып келеді. Егер ештеңе өзгертпесек, алдағы 5 жылда зейнетақы шығыны тағы 14 миллиард еуроға өседі. Сондықтан біз реформаны қалай болғанда да жүргізуіміз қажет.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, мәселе тек зейнет жасында емес. Ең бастысы – халықтың реформаға деген сенімі. Егер еңбек адамына тек “ұзағырақ жұмыс істе” деп айтылып, еңбек жағдайы жақсартылмаса, бұл, әлбетте, наразылық туғызады. Халық зейнетке кешірек шығуға келісуі үшін икемді жұмыс кестесі, қауіпсіз орта және лайықты зейнетақы алуына кепілдік берілуі керек - дейді.

Жан Хиндрикс, экономика профессоры: 

- Пікірталасты мүмкіндігінше ушықтырмау керек. Бізге нақты шешімдер, талқылаулар және сабырлы диалог құра білу қажет. Ең алдымен, зейнетақы жүйесіне деген сенімді қалпына келтіру ләзім. Бұл жерде сенімнің маңыздылығы өте жоғары.

Зейнетақы реформасынан бөлек, бельгиялықтарды қымбатшылық та қатты алаңдатады. Баспана, энергия және азық-түлік бағасы отбасылық бюджетке көп салмақ салып отыр. Ал жалақы көлемі инфляциядан кейін ғана өсуі тиіс деп заңмен бекітілген. Қосымша үстемеақылар төлеуге де шектеу қойылған. Билік мұны компаниялардың шығыны тым артып, бизнестің өзге елдермен бәсекелесуі қиындап, экономикаға кері әсер ететінімен түсіндіреді.   

Ғалымжан Қараманұлы