FT: жазда мұнай барреліне $180 жетуі мүмкін

Кейінгі екі аптада мұнай бағасы рекорд орнатты. Brent маркасының баррелі 110 доллардан асса, WTI 107 долларға дейін көтерілді. 

Сөйтіп бір күнде қара алтынның құны 2 долларға өскен. Сарапшылар нарықтың құбылуы жақын арада басылмайды деп топшылайды. Өйткені АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғысты қайта жалғастыруы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Қор нарығындағы ахуалға қатысты сарапшылар тағы не дейді? 

Әлемде энергетикалық дағдарыс ушыға түсуі мүмкін. Себебі жаз келе саяхаттаушылар көбейіп, жанармай мен авиаотынға сұраныс артады. Ал Таяу Шығыстағы шиеленістен дүниежүзінде мұнай тасымалының 20 пайызы тоқтап тұрғанын ескерсек, жазда мұнай барреліне 180 долларға дейін қымбаттауы ықтимал. Мұны танымал экономис Пол Дигглдің сөзіне сілтеме жасап,  Financial Times басылымы жазды. Сарапшы мұнай мәселесі әлемнің 80 елін қинап тұр дейді. Өйткені олардың көбі айналасында қара алтынның молдығына сеніп, қор жинамаған. Бар болса да, көпке жетпеуі мүмкін. «Сондықтан Таяу Шығыстағы шиеленіс бір-екі аптада шешілмесе, әлем экономикасы көп ұзамай рецессияға ұшырайды», - дейді қаржыгерлер. 

Навин Дас, Kpler сарапшысы:

- Мұнай тасымалын қалпына келтірмесе, құны шарықтай береді. Ал қара алтынның бағасы бәріне әсер етеді. Жанармайдан бастап, билет, азық-түлікке дейін қымбаттайды. Бұл қарапайым халықтың күнкөрісін қиындатады. Яғни экономика баяулап, рецессия қаупі күшейеді. 

Financial Times басылымының дерегі бойынша, Ислам Республикасына қарсы соғыс басталғалы америкалық жүргізушілердің жанармайға шығыны 41 млрд 500 млн долларға артты. Бұл әрбір отбасыға шаққанда 316 долларға тең. Иран мәселесі бойынша келіссөздің тығырыққа тірелуі Азия қор нарығын бүгін қайта құлдыратты. Гонконгтан бастап Сеулге дейін құнды қағаздар бағасы арзандады. Таяу Шығыстағы шиеленіс АҚШ нарығына да кері әсер етті. Доу Dow Jones индексі 1%, S&P 500 1,24%, ал Nasdaq 2 пайыз төмендеді. 

Лиа Беннетт, ннвестициялық компания сарапшысы:

- Өткен аптада Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесті. Десе де екі алпауыт елдің басшылары Иран мәселесін қалай реттейтіндерін шешкен жоқ. Қытай нақты көмек көрсететінін айтпады. Нарықтың құбылуы жақын арада басылмайтын тәрізді. 

Иә, ізінше Еуропада да қор нарығы төмендеді. Лондон, Франкфурт, Париж, Милан және Мадридте де компанияладың әлеуетін көрсететін акциялардың құны 2 пайыз арзандады. Сарапшылар: «Мұнай бағасы тұрақталмаса, әлемді қымбатшылық жайлайды», - деп топшылайды. Ал инфляцияны тежеу үшін біраз елдің Орталық банкі келесі айда базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін деп отыр. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт